Әйелдерге арналған ипотека қашан беріле бастайды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әйелдерге арналған ипотека қашан беріле бастайды?

25.12.2019
Әйелдерге арналған ипотека қашан беріле бастайды?

Қазақстанда тұрғын үй саласында гендерлік теңдікті жетілдіру мақсатында әйелдерге арналған ипотека жобасы жүзеге асырылады. Бұл туралы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басшылығы айтты.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тағы бір жобаны іске қосты. Ол 2020 жылы жүзеге асырылады. Бұл - тек әйелдерге ғана берілетін ипотека. Жобаны Азия даму банкі 38 миллиард теңге көлемінде қаржыландырады», - деді баспасөз мәслихатында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әлия Айдарбекова.

Қазір Қазақстанда 9,1 миллион әйел тұрады. Оның ішінде 4,4 миллионы жұмыс істейді, олардың жартысы өз отбасыларын дербес қамтамасыз етеді. Бұл ретте әйелдер орташа есеппен ер адамға қарағанда үштен бір бөлікке аз жалақы алады. 

«Табыс деңгейінің төмендігі олардың үй сатып алу үшін қолжетімді несие алуы ер адамдарға қарағанда қиын екенін көрсетеді. Әйелдерге несиелер бастапқы және қосымша тұрғын үй сатып алуға беріледі. Несиенің ең жоғары сомасы 30 млн теңгені құрайды. Оны алу үшін табысы 200 мың теңгеден төмен болса, 15% мөлшерінде ең төменгі бастапқы жарна, ал табысы 200 мың теңгеден асатын адамдар үшін 20% бастапқы жарна жеткілікті», – деп түсіндірді Әлия Айдарбекова. 

Оның айтуынша, пайыздық мөлшерлеме алдын ала болжам бойынша 12% деңгейінде болады. 

«Несиенің пайыздық мөлшерлемесі алдын ала болжам бойынша 12% деңгейінде болады. Алдымен 50%-ға дейін ақша жинау қажет. Бізбен бірге ақша жинаған адамның кейін ставкасы төмендеп 3,5% - 5%-ды құрайтын болады. Біз қаңтар айында алғашқы 7 млрд теңгені алуды жоспарлап отырмыз. Азия Даму Банкінің жалғыз шарты бар. Ипотекалық несиенің 40%-ын ірі қалаларға, ал 60%-ын аймақтарға беру керек деген шарт қойды. Сондықтан бұл бағдарлама, ең алдымен, аймақтарда басталады. Олар біздің салымшыларымыз болуы керек», - деп толықтырды Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшысы Ләззат Ибрагимова.

inform.kz

Хабарламаларға жазылу