Мәжілісте ақпарат мәселелеріне қатысты құжат мақұлданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжілісте ақпарат мәселелеріне қатысты құжат мақұлданды

11.11.2020

Бұдан былай мемлекеттік мекемелерден ақпарат алу жеңілдей түспек. Әр органда ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ететін құрылым немесе маман болады. Бүгін Мәжілісте ақпарат мәселелеріне қатысты заң жобасы қаралды. Ал, квазимемлекеттік сектор мен басқа да ұйымдарды ашық деректерді жариялауға міндеттеу ұсынылады. 

Депутаттар елімізде ақпарат тарату саласының ақсап тұрғанын алға тартты. Әсіресе өңірлік БАҚ-тар қоғамға мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктер мен саясатты жеткізудің орнына әкімдердің жұмысын жарыса жазады. Ақпарат министрінің мәліметінше бұл мәселе енді ақпараттық саясаттың бірыңғай жүйесін құру арқылы шешіледі. 

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:  
-Біз зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде стратегиялық бағдарламалар мен құжаттар өңірлік деңгейде өте төмен насихатталатынын анықтадық. Сондықтан ұсынып отырған заң жобасында олқылықты реттеу үшін барлық нормаларды енгізуге тырыстық.

Заң жобасына отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттігін арттыру бойынша бірқатар түзетулер енгізіледі. Салалық ведомствоға мемлекеттік ақпараттық тапсырысты орналастырудың бірыңғай тәртібін айқындау бойынша өкілеттік беру де ұсынылды. 

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы: 
-Ақпарат саясатының бірыңғай жүйесін құру өте орынды. Біз мұны қолдаймыз. Мемлекет басшысы да осы мәселені көтерген. «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» сияқты көптеген бағдарламаларымыз бар. Олардың барлық мүмкіндіктерін қарапайым халық әлі білмейді. Мысалы, «Нұрлы жол» бойынша ірі жолдар ғана емес аудандық деңгейдегі көлік қатынасы реттеліп жатыр. Газ тарту бойынша өте ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Осындай игіліктерді халыққа жеткізу үшін барлық тетіктерді біз заңда көрсетуіміз керек. 

Мемлекеттік ақпараттық саясатты қалыптастыру жөніндегі республикалық және өңірлік комиссиялардың мәртебесі заң жүзінде бекітіледі. Осылайша әр деңгейдегі БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігі арттырылмақ. 

Оңғар Алпысбайұлы 

Мәжіліс ақпарат құжат Аида Балаева БАҚ

Хабарламаларға жазылу