Жамбыл облысында сирек кездесетін аңдарды ату дерегі көбейіп отыр. Мамандар түз тағысын заңсыз атып, олжаға кенелгісі келетіндердің жорығы жиіледі дейді. Қазір табиғат қорғаушылары күндіз-түні құм кезіп, жануарларды қоруға көшкен. Сондай рейдтердің біріне біздің тілшііміз де қатысып көрді.
Бетбақдалада браконьерлердің жорығы түнде басталады. Олар қараңғылықты пайдаланып, аңдарды прожекторлармен аулайды. Инспекторларының айтуынша қазір қарақұйрық өртенген аймақтардан Кеңес, Ойық ауылдарының маңына ауған. Осындай уақытта қаскөйлер жоғалған малды іздегенсіп, аңды заңсыз ататын көрінеді. Қылмыстың алдын алу үшін қазір табиғат қорғаушылары қору жұмыстарын күшейткен.
Совет Сейдуанов, мамандандырылған «Сапсан» жедел жасағының инспекторы:-Жігіттер көрдіңдер Ақкесененің солтүстік жағында жүр. Бұл 10-15 километр жер. Қазір біз барынша білдірмей баруға тырысамыз.
Сапсан жасағаның қызметкерлері жедел ұстау жоспарын нақтылап, жарыққа қарай беттеді. Инспекторлар жан-жақтан қоршап тосқауыл жасауға кірісті. Алайда әккі қаскөйлер екі аяқты мотоциклмен құм ішіне кіріп, лезде із суытып үлгерді. Мамандандырылған жасақ жыл басынан бері осындай 50-ге тарта рейд өткізіп, 69 хаттама толтырған. Қызыл кітапқа тіркелген аңдарды ату бойынша екі қылмыстық деректі анықтаған.
Ерназарбек Жантаев, облыстық табиғатты қорғау кеңесінің төрағасы:- Тұқымы жойылып кеткен барыстар пайда болды. Қазір фото тұзақтарды қойып, биылғы жылдың өзінде 8-і сол жерде жүр. Арқарлар пайда болды.
Биыл облыс бойынша табиғатты қорғауға жұмылдырылған мамандармен 800-ден астам рейд ұйымдастырылған. Аңшылық ережесін бұзудың 40 дерегі тіркеліп, 179 миллионн теңге айыппұл салынды. Алайда браконьерлердің қоршаған ортаға келтірген шығыны одан да орасан болып тұр.
Сәбит Әлдебай