Киіктердің санын реттеу үшін ақылы аңшылық енгізілуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Киіктердің санын реттеу үшін ақылы аңшылық енгізілуі мүмкін

26.08.2022

Елімізде ен даланың еркесі - киіктің тағдыры талқыға түсті. Кезінде ақбөкендердің популяциясын қалай да сақтап қалу мәселесі күн тәртібінде тұрды. Ал бүгінде жабайы жануардың 1 миллиннан асып кетті. Сондықтан олардың санын реттеудің бірнше тәсілі қарастырылып жатыр. Бірі киікті аулауға рұқсат беру керек десе кейбірі түз тағысын табиғи жолмен азайту керек деп санайды.

Елімізде жиырма жыл бұрын киік саны күрт азайып, түз тағысын атуға тыйым салынды. Ақбөкен тұқымын көбейтуге арналған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде биыл олардың саны 1 млн 300 мыңнан асқан. Үнемі жайылым ауыстырып, көшіп жүретін үйірлі жануар егістік алқаптарына түсіп, шаруаларды әбігерге салды. Алайда табиғат жанашырлары киіктердің көшу кезеңі көпке созылмағанын айтады.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Көшетін кезең болады киіктердің. Одан артық ол жоламайды егістік жерге , адам бар жерге. Киік қазақ халқы үшін қашан да киелі жануар болғаннан кейін оны ату қаншалықты дұрыс? Біз бұл дүниені жан-жақты қарауымыз керек.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Батыс Қазақстандық шаруалардың мәселесі өздіген шешілгенін растап отыр. Алайда ақбөкендердің саны тым көбейіп кетсе жануарлар арасында түрлі жұқпалы аурулар тарауы мүмкін. Сондықтан киік санын ақылы аңшылық арқылы реттелуі мүмкін. Бұдан да басқа ұсыныстар бар.

Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

Мәселен, киіктерді атпай, басқа өңірлерге мәжбүрлеп көшіруді ұсынған еді. Өкінішке орай, ғылыми қауымдастық бұл әдісті тиімсіз деп атады, өйткені мәжбүрлеп айдағанда киіктердің өлу қаупі жоғары және олар тарихи мекеніне қайтып келуі мүмкін. Сондықтан бұл ұсыныс қабылданбады.

Ал, аңшылық шаруашылығы қауымдастығының өкілі, тарихшы Кажым Жұмалиев ақбөкендерді белгілі бір мерзімде аулап тұруға рұқсат беру керек дейді. Киіктің саны шамадан тыс көбейсе табиғи тепе-теңдікті бұзылады. Бұл ғылыми зерттеулермен дәлелденген. Жайылым тапшылығы шаруаларды шығынға батырғаннан бөлек басқа да жабайы жануарлардың көбеюіне кері әсерін тигізеді дейді.

Қажым Жұмалиев, «Табиғат» аңшылар және Аңшылық шаруашылығы республикалық қауымдастығының президенті:

Елімізде ең көп зерттеліп, ғылыми еңбектер жазылған жануар ол- киік. 80 ші жылдарға дейін жүргізілген зерттеулерде олардың саны 600-800 мыңнан аспауы керек деген тұжырым жасалған. Келер жылы киіктің саны екі миллионнан асуы мүмкін. Тарихи деректерде де түз тағысын күз және қыз мезгілінде аулап, санын реттеп отырғаны белгілі.

Елімізде киікті атуға тыйым салынғанымен ғылыми мақсатта аулауға рұқсат етілген. Биыл зерттеу жұмыстары үшін 500 киік ауланады. Олардан талдамалар алынып, қайта жіберіледі. Ал, түз тағысын табиғи жолмен немесе адам қолымен азайту шешімі тек ғылыми зерттеу жұмыстарынан кейін белгілі болмақ. Бұл зерттеу жұмыстары екі жылға созылуы мүмкін.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу