Жамбыл облысында қасқыр қойды қынадай қырып жатыр

14.01.2020

Жамбыл облысында аш бөрілер қойды қынадай қырып жатыр. Әсіресе мал шаруашылықтарына қиын. Түз тағысы қорадағы қойға ғана шауып қоймай, жайылымдағы жылқыларға да ауыз сала бастаған. Шаруалар көкжалмен күресуге шамамыз жетпейді деп отыр. Өйткені жыртқышты өз бетімен атуға рұқсат жоқ. Қорасын қорып, үрей құшағында отырған шаруалар енді жергілікті биліктен көмек сұрауда.

Түнгі уақытта түз тағысы осы биік қоршаудан секіріп түскен. Қорадағы қойға қырғидай тигенін үй иесі сезіп, далаға лезде шығып мылтық атқан. Алайда айлалы аң аз уақыттың ішінде қорадағы бірнеше қойға ауыз салып үлгеріпті.

Қыс түскелі Нұрбақыт Сейітқалиевтың шаруашылығына түз тағысы бірнеше рет шабуыл жасаған. Сондықтан сақтық шараларын күшейтіп, түн баласы көз ілмей шығады. Түнде ғана қорадағы қойлар дүрліге қашқанын естіп, қасқырдың келгенін сезіпті. «Далаға шығып мылтық атпағанда қорадағы қойдың бірін қалдырмай қырып кетер еді»,- дейді шопан.

Шалғайдағы шаруалардың көпшілігі осындай үрей құшағында. Талас ауданына қарасты Майтөбе ауылының маңында бірнеше жылқы ит-құстың жемтігіне айналған. Таулы-қыратты аумақта көкжалды алу оңай шаруа емес. Ал түз тағысын өз бетінше атуға тыйым салынған. Сондықтан бұл жұмыстарға аңшылық шаруашылықтары жұмылса игі екенін айтады жұртшылық.

Ал мамандардың айтуынша, қораға түскен қасқырды атуға болады, тек арнайы жұмыс тобы ол деректі тіркеуі тиіс. Алайда, былтыр жыл басында арнайы комиссия құрылып табиғи тепе-теңдікті сақтау мақсатында жыртқышты атуға рұқсат берілген. Сондықтан биыл аймақты мекен ететін аңдардың 40 пайызын атуға болады.

Ал биыл өңірдегі түз тағысының саны екі мыңға жуықтаған. Мамандар әр аумақта шаруалармен кездесіп, қасқырдың саны шектен тыс көп тіркелген жерлерді анықтамақ. Ал тұрғындар дер кезінде көкжалдың шабуылы туралы ескертіп, көмек шақырып өтініш беруі тиіс.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ


Хабарламаларға жазылу