Қауіпсіз болса америкалық вакцинаны сатып алуымыз мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қауіпсіз болса америкалық вакцинаны сатып алуымыз мүмкін

10.11.2020

Енді дәрі-дәрмектің рецептін электронды нұсқада алуға болады. Дәрігер пациентке әлеуметтік желі немесе почта арқылы жіберген нұсқаулықты дәріханалар қабылдауы тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері мұндай әдіс препараттардың халыққа қолжетімділігін қамтамасыз етеді деген пікірде. Олар дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныш құралдарының жеткілікті екенін айтты.

Төтенше жағдай кезінде науқастарға дәрі-дәрмек алу қиындық тудырған еді. Енді аурудың екпіні күшейсе ол мәселе қайталанбауы тиіс. Дәрігер электронды байланыс құралдарының мүмкіндігін пайдалана отырып, ем-дом тағайындай алады. Министрлік бекіткен жаңашылдық 7 қарашадан бастап күшіне енді.

Ал індет өрши түссе дәрі-дәрмек халыққа толығымен жетеді. Созымалы аурумен есепте тұрғандар да тапшылық көрмеуі тиіс. Құны 20 млрд тұратын 91 түрлі дәрінің қоры сақталған. Жуырда коронавирусқа қарсы америкалықтар ойлап тапқан вакцина сынамасы сәтті аяқталған еді. Тиімділігі 90 пайыз деп көрсеткен бұл екпені сатып алуымыз мүмкін бе деген сауалға да мамандар жауап берді.

Нұрлыбек Асылбеков, ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары:   
-Американдық вакцина, 43000 адамға өткізіліпті. Сол сияқты Ресей Федерациясында бұл 40000 адамға жасалып жатыр. Біз сол сынақтан тексеріліп, адам ағзасына кері әсерін болмауын күтіп отырмыз. Қауіпсіздігі дәлелденсе сатып алуға дайынбыз.  

Егер ковидке қарсы вакцина алынса шамамен 3 млн-дай қазақстандық тегін қамтылуы мүмкін. Ал жергілікті әкімдіктер қажет дәрілер тапшылығы болса бірыңғай дистрибьютерге хабарласып, өтінім бере алады. Бұл мүмкіндік жүзеге асып жуырда өңірлерден 33 препаратқа сұраныс түскен. Шетелден келген гуманитарлық көмек талан-таражға түспес үшін үлестіру шарасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің өкілдері қатысады.

Ерхат есқалиев, «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы:  
-Елге келетін гуманитарлық жүктің құжаттары жіберілетін кезде алдын ала хабардар ету моделі енгізілді. Осыған байланысты гуманитарлық көмек мәселелеріне жетекшілік ететін құзырлы мекемелердің тізімі бекіді. Енді дәрі-дәрмекті өңірлерге үлестіру шарасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері қатысады. Гуманитарлық жүктердің келуі, медициналық ұйымдарға дейін жетуі бойынша барлық ақпарат ашық жарияланады.  

Соңғы төрт айда дәрі бағасын негізсіз қымбаттатқан 867 факт, ал заңсыз сатылыммен айналысқан 347 жағдай тіркелді. 213 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Бағаның шектен тыс шарықтамауын әр өңірдегі мониторингтіік топтар бақылап отыр.

Раушан Сайлауқызы, тілші: 
-Коронавируспен күреске жұмылған мамандардың вирустан қорғануына жағдай жасалған. Үш айға жететін жеке қорғаныш құралардары да бар. Министрлік өкілдері бетперде де жеткілікті деңгейге дейді. Қазірдің өзінде кәсіпорындарда 20 млн-ға жуық данасы бар. Мамандар сол бар дүниені тиімді пайдаланып, сақтансақ, кеселден біржола айығуға мүмкіндік бар деп отыр.   

Раушан Сайлауқызы


америкалық вакцина

Хабарламаларға жазылу