Президент ШЫҰ кеңесінің отырысына қатысты

10.11.2020

Бүгін Президент Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым аясында биоқауіпсіздікті бақылаудың өңірлік орталықтарын құруды ұсынды. Әрі әріптестерін эпидемиямен бірлесіп күресуге шақырды, киберқауіпсіздікті арттырудың маңыздылығына да тоқталды.  

Әдетте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары қордаланған мәселені бір үстел басында талқылайтын. Ал, бұл жолғы отырыс онлайн өтті. Бейнебайланыс арқылы сөз алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауда жеңіске жеткен Тәжікстан басшысын құттықтады. Мұнан соң ұйымның 20 жылда үлкен белесті бағындырғанын атап өтті.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:    
-Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзінің өміршеңдігін дәлелдей отырып, штатты режимде жұмысын жалғастырып келеді. Біз бүгін бекітуді көздеп отырған құжаттар пакеті – соның дәлелі. Бұл ұйым жер жаһанның төрттен бір бөлігін алып жатқан аумақта сенім мен серіктестікті нығайтуға арналған тиімді құрал ретінде қаралады. 

Иә, ұйымға мүше Қазақстан, Ресей, Қытай, Үндістан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан мен Өзбекстанда әлем халқының 40 пайызы тұрады. Жалпы ішкі өнімнің 40 пайызы да осы елдерге тиесілі. Беделді ұйым дағдарыстан шығып, пандемияны жеңуде аса белсенділік танытуы керек деді Президент.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:    
-«Дос қиындықта сыналады» деген бүкіл халыққа түсінікті мақал осы ауыр індет ушыққан кездегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің ынтымақтастық рухын айғақтайды. Өзара гуманитарлық көмек пен эпидемиолог мамандардың жіберілуі елдеріміздегі ахуалды тұрақтандыруға септігін тигізді. Қазақстан жаһандық проблема кезіндегі белсенді әрі жемісті ынтымақтастығы үшін бірқатар мемлекеттерге, соның ішінде, Ресей мен Қытайға ризашылығын білдіреді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жанынан Аурулар мен биоқауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтарды құруды ұсынды. Әрі ковидтің кесірінен әлем онлайн форматқа көшіп жатыр. Осы ретте киберқауіпсіздікті арттыру маңызды деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:    
-Әлемдегі құбылмалы жағдай «үш зұлымдық» – сепаратизм, терроризм және экстремизмнің күшеюіне алып келді. Осы тұста Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы жөніндегі бағдарламаның белсенді жүзеге асырылуы біздің ұйымның өршіп келе жатқан қауіп-қатерге беретін тиісті жауабы болар еді. Қоғамдық және экономикалық өмірдегі көптеген саланың онлайн кеңістікке көшуі киберқауіпсіздік мәселесін өзекті ете түседі. Сондықтан Шанхай ынтымақтастық ұйымының Террорға қарсы өңірлік құрылым базасында Ақпараттық қауіпсіздік орталығын жедел құру қажет деп санаймыз. 

Шанхай ынтымақтастық ұйымы үшін Ауғанстанды қайта қалпына келтіру мәселесі өзекті. Бұл ретте Қазақстан да қол ұшын созуға дайын деді Президент. Әрі келер жылы ұйымның 20 жылдық мерей тойына орай мәдениет жылын жариялау туралы ұсынысты қолдайтынын жеткізіп, «Шанхай рухын» нығайтуда күш салуға шақырды. Отырыс соңында маңызды 16 құжат қабылданып, қол қойылды.   

Досжан Маратұлы 


Президент ШЫҰ кеңес

Хабарламаларға жазылу