Талғар қаласында үй өртеніп, үш адам қаза тапты

10.11.2020

Алматы облысының Талғар қаласында үй өртеніп, үш адам қайтыс болды. Өрт түннің бір уағында шыққан. Құтқарушылар сағат 04.50-де жалынды толық сөндірді. Үй толықтай жанып кетті, шатыры құлаған. Өкінішке орай өрт сөндірушілер ол жерден екі үлкен адам мен 8 жастағы баланың денесін тапты. 

Ерлан Ахашов, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:
-Қазіргі таңда оқиға орнында өрт сөндіру зертханасы жұмыс істеп жатыр. Дәл осы үй тұрғындарына өткен жылы қараша айында өрт сөндіру қызметкерлері тарапынан пеш жаққанда сақтық шаралы туралы нұсқаулар берілгенін атап өткім келеді. Азаматтардан тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды сұраймыз. 

Ал Қостанай облысында Федоров аудандық ауруханасы өртенді. От үш қабатты ғимараттың шатырынан тұтанған. Ауруханада жатқан 50 науқас пен медицина қызметкерлері дереу қауіпсіз жерге шығарылды. Науқастардың төртеуі жансақтау бөлімінде болған. Өрт сөндірушілер 3 сағат бойы арпалысып, жалынды әрең сөндірді. Ешкім зардап шеккен жоқ. Үшінші қабатқа су аққаны болмаса ғимараттың өзі, құрылғылар мен аурухана мүлкі бүлінбеген. Қазір аудандық аурухана шұғыл түрде мектеп интернаты ғимаратына көшірілді. Ауыр халдегі алты адам арнайы көлікпен облыс орталығына жеткізілді.

Қуаныш Қанатұлы, Дәуренбек Әбдібек 

Талғар үй өрт

Хабарламаларға жазылу