Зейнетақы қорындағы қаржыны уақытынан бұрын шешіп алуды қарастыратын заң жобасын Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады. Жиналған ақшаның тек белгілі мөлшерін ғана арнайы белгіленген мақсатта пайдалануға болады.
Зейнетақы қорындағы қаржыны толық шешіп алуға болмайды. Тұрғындардың жас ерекшелігіне байланысты шотта қалуы тиіс сома бекітіліп қойған. Алдын ала есеп бойынша 700 мыңнан астам Қазақстандық 1,4 трлн теңгені пайдалана алады.
Ақмади Сарбасов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары:-Азаматтар зейнетақы қорындағы ақшаны шешу құқығын пайдалана алады. Ол өз еріктерінде. Дегенмен шотта қалу керек соманы да белгіледік. Ертең зейнетке шыққан уақытында оның қаржысы өзіне жетуі керек. Осыны да ескеру керек. Қазір толық шешіп алса кейін қартайған уақытында кіріссіз қалдыруға да болмайды.
Зейнетақы қаржысын 3 мақсатта уақытынан бұрын алуға болады. Алғашқысы баспана мәселесін шешуге. Жаңа баспана алуға немесе ипотекалық қарызды жабуға болады. Екіншісі медициналық мақсатта. Өзі немесе жақын туысының ем алуы үшін қаржының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік болады. Және соңғысы ақшаны қаржылық компаниялардың басқаруына аударып қоюға болады.
Дегенмен заң жобасында әлі де шикіліктер бар. Мәселен, медициналық мақсатта ақшаны пайдалануға рұқсат беру туралы шешімді жергілікті атқарушы органдар шығарады. Депутаттар бұл механизм бюракратиялық машақаттарға айналып, созылып кетуі мүмкін деп отыр.
Әсем Нүсіпова, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:-Сіздердің ұсыныстарыңызды толық қолдаймыз. Қазір біз жаңа норма әзірлеп жатырмыз. Оған сәйкес ақшаны пайдалануға рұқсатты әкімдіктен құрылған емес медициналық мекемеден құрылған комиссия беретін болады. Бұл процедураны айтарлықтай жеңілдететініне сенімдіміз.
Осындай олқылықтардың барлығы екінші оқылымға дейін толық реттелмек. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бастысы ақшаны пайдалану механизмі оңай, ашық және қарапайым халыққа түсінікті болуы шарт, барлық тұсы заңда толық көрсетілуі керек деді.
Оңғар Алпысбайұлы