Келер жылдан бастап зейнетақы қорындағы қаржыны уақытынан бұрын шешіп алуға болады. Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жиналған ақшаны тек белгілі мөлшерін ғана арнайы белгіленген мақсатта пайдалануға болады.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Зейнетақы қорындағы қаржыны толық шешіп алуға болмайды. Тұрғындардың жас ерекшелігіне байланысты шотта қалуы тиіс сома есептеліп қойған. Бұл тұрғындардың болашақта жеткілікті дәрежеде зейнетақы алуы, қартайған шағында қажеттіліктерін толық өтей алуы үшін жасалып отыр. Алдын ала есеп бойынша 700 мыңнан астам қазақстандық 1,4 трлн теңгені пайдалана алады. Қаржыны 3 мақсатта шешуге болады. Алғашқысы баспана мәселесін шешу үшін. Яғни, жаңа пәтер алуға немесе бұрынғы ипотекалық несиені жабуға болады. Екіншісі медициналық мақсатта. Өзіңіздің немесе жақын туысыңыздың емі үшін қаржының бір бөлігін пайдалануға болады. Және соңғысы қаржы ұйымдарына пайдалануға беруге болады. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ақшаны шешу үшін қандай құжаттар қажет, қандай талаптар қойылады тағы да басқа механизмдері түсінікті тілде заң жобасында толық жазылуы керек деді. Құжат екінші оқылымға дейін тағы толықтырылады.