Ауыз су тартуға 816 млн теңге жұмсалған Тұғыл ауылының жұрты суға жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыз су тартуға 816 млн теңге жұмсалған Тұғыл ауылының жұрты суға жарымай отыр

04.11.2020

Шығыс Қазақстанда көл жағасында тұрған ауыл суға жарымай отыр. Тарбағатай ауданының Тұғыл елді мекеніне 2 жыл бұрын «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша жаңа су құбыры тартылған. Алайда халық әлі күнге дейін тіршілік нәрін ескі құбырдан қол арбамен тасып жүр. 

Көлді жағалай қонғанымен суға жарымаған жұрт мердігерді кінәлайды. Екі жыл бұрын осы ауылды ауыз сумен қамту үшін қазынадан 816 миллион теңге бөлінген. Берілген ақша толық игерілген, бірақ халық сол судың игілігін әлі көре алмай жүр. 

Гуля Зиятова, Тұғыл ауылының тұрғыны:
Бір тамшы су көрген жоқпыз. Ала жаздай су жоқ болды.

Қазір мердігер компания жұмыс барысында кеткен кемшіліктерді жойып, су сақтайтын резервуарды қайта жасап жатыр. Соңғы келісім бойынша бұл жұмыс келесі айда бітуі тиіс. 

Риза Сүйесінова, Тұғыл ауылының тұрғыны:
Халықты қайта-қайта шулатпай суды беру керек. 

Тұғыл ауылы халқының саны бес мыңнан асады. Жаңа су жүйесі салынған соң, құбырды әр үй кіргізіп алған. Мердігер жұмыс барысында қателік кеткенін мойындап отыр. Бірақ судың тапшылығынан басқа да себеп бар дегенді алға тартады.

Қанат Қалелов, мердігер компанияның басшысы:
Қазір резервуарға су тоқтап, тұра қалғанның өзінде ауылға беретін су жоқ. Су жоқ, мұны жоқ деп айту керек. Өйткені, қазылған бір кішкентай ұңғыма бар, 1400 текше метр суды 3 тәулік береді. Сол су 8 сағатқа ғана жетеді. 

Қазір ауылда бюджет есебінен тағы бір ұңғыма қазылуда. Әрі Зайсан көлінің тура жағасында тұрған ауылда жерасты суы атқылап жатқан 3 ұңғыма да бар. Бірақ астында да , үстінде де суы мол бола тұра тұғылдықтар бір жұтым суға зәру.

Берік Көшербай

су мәселесі ШҚО Тарбағатай Тұғыл ауылы

Хабарламаларға жазылу