Демалыс орнындағы атыстан үш адам зардап шекті

02.11.2020

Алматы маңындағы демалыс орындарының бірінде атыс болып, үш адам жараланды. Сенбі күні суық қаруланып, бетперде киіп алған белгісіз біреулер демалушылардың жүргеніне қарамастан қызметкерлерге оқ жаудырған.  

Қуан Нұрақын, тілші:  
-Атыс демалыс орнының осы жерінде болған. Зардап шегуші Костя Кузнецовтың жарының сөзінше сол күні белгісіз маска киген 15-20 шақты адам демалыс орнына баса көктеп кірген. Күйеуімен арасында жанжал туындапты. Артынша оқ атылып, екі адам осы жерге құлаған. 

Ольганың айтуынша атыс болған күні өзі осында жүрмегенде адам шығыны болуы әбден мүмкін екен. Қаскөйлердің бірі қолына тіпті граната ұстап жүрген. Шарқ ұрып байбалам салғанның арқасында тез қашып кетіпті. Абырой болғанда жолдасы дін-аман. Жамбасына екі, ішіне бір резеңке оқ тиген.  

Ольга Кузнецова, зардап шегушінің жары: 
-Оқиғаның нақты не үшін болғанын айта алмаймын. Күйеуім үйде. Денсаулығы жақсы. Қазір тергеу жүріп жатыр. Әзірге ешқандай арыз жазбадық.  

Алған жарақатына қарамастан кәсіпкер медициналық көмектен бас тартса, қалған екі қызметкер қазір ауруханада жатыр. Дәрігерлер біреуінің сол аяғына, екіншісінің оң аяғына оқ тиген дейді.

Анарбек Монғол, қалалық №4 аурухананың бас дәрігерінің орынбасары:  
- Қазіргі таңда науқастардың жағдайы орташа, тұрақты. Науқастардың өміріне төнер қауіп жоқ. Ем шарасын жүргізіп жатыр.  

Ал, демалыс орнына баса-көктеп кіріп, жұрттың есін шығарғандарды полицейлер іздеп жатыр. 

Серік Үпиев, Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі: 
-Белгісіз адамдардың қару қолданып, кісі өлтіруге оқталғаны туралы полицияға ақпарат түсті. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмысқа қатысы бар күдіктілерді анықтауға бағытталған және оларды ұстау үшін кешенді шаралар жүргізілуде. 

Қаскөйлердің нені көздеп, қандай мақсатта келгені әзірге белгісіз. Оқтың дауысынан шошынған тұрғындар аулаға шығуға қорқып қалған. Күдіктілер тезірек ұсталып, ұйқымыз тыныш болса екен дейді.  

Қуан Нұрақын 


Демалыс орны атыс Алматы

Хабарламаларға жазылу