Түркістан облысында 3 мың гектар егістік алқапты су шайып кетуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 3 мың гектар егістік алқапты су шайып кетуі мүмкін

30.10.2020

Келес өзені аяусыз тонала берсе, аудандағы 3 мың 200 гектар егістік алқапты су ағызып әкетуі мүмкін. Табиғаттың байлығын табыс көзіне айналдырғандар өзеннің табанынан қиыршық тас пен құмды артығымен алып жағалаудағы жарқабақтың құлауына себепші болды. Ал үйлеріне жағалау жақындап қалған тұрғындар үреймен күн кешіп жатыр. 

Келес өзені іргедегі «Ақжар» ауылы үшін тажалға айналды. Табаны қазыла-қазыла арнасы өзгеріп, жағалауы ауыл шетіндегі үйлерге жетті. Осы бетімен кетсе жұрт қора-жайымыз су астында қала ма деп жанын шүбереке түйіп жүр. Есік алдындағы құдықтың суы да тартылып кетті.  

Әбдіхалық Ақботаев, ауыл тұрғыны: 
-Жаздың күндері су шықпай қалады. Жарқабақтар құлап үйге қарай келе жатыр. 100 метр үйге кіріп кетті. Қауіптеніп, қорқып отырамыз. 

Ауылдың жайылымдық жері былай тұрсын, жан бағып отырған егістік алқабы да тарылып барады. Арнаның жағалауы шетінен опырылып құлап, құнарлы топырақты су ағызып әкетуде.  

Әбутәліп Шайдозов, ауыл тұрғыны: 
-Келес өзені деңгейінен 3-4 метр төмен түсіп кетті. Тастың бәрі төмен түсіп бара жатыр. Уақытында салынған тоған жоғарыда қалды. Соның құлау қауіпі төніп тұр. Егер ол құласа 3 мың гектардан астам жерге су шықпай қалады. Шөл болады. 

Ұзындығы 124 шақырым болатын Келес өзенінің табанынан құм мен қиыршық тас алуға ешқандай рұқсат жоқ. Алайда мойнына шөмішін ілген экскаватор әр ауылдың тұсында тұр. Тексерушілердің қарасы көрінсе, иелері техниканы тастай қашады. Көзін ала бере шаруасына қайта кіріседі. Әсіресе түн қараңғысында. 

Ғани Қалмаханов, тілші:
-Табиғат байлығын тонаушылар тірілерді былай қойғанда өлілерге де маза бермей тұр. Өзен арнасындағы жарқабақтар құлай-құлай мазараттың қоршауына да жеткен. Өзен суы қазір қорымдардың іргесін шайып жатыр. 

Табиғатты тонаушылардың әрекетіне байланысты полицияға биыл 30 шағым түскен. 3 экскаватор мен бульдозер, 6 жүк көлігі айып тұрағына қойылды. 

Нұржан Асанов, Келес ауданы жергілікті полиция қызметінің басшысы:
-Жедел тергеу тобымен 8 хабарлама бойынша қылмыстық іс жүргізілді. Тағы 11 жер қойнауы бойынша экология департаментіне шешім қабылдау үшін жолданған. 

Апаттың алдын алу үшін қазір өзенінің арнасын қауіпсіз аймаққа бұрып жатыр. Осындай алты жер белгіленген. Қазір оның екеуінде жұмыс аяқталды. Арнаның бір жарым шақырым жері дұрысталды.   

Ғани Қалмаханов


Түркістан облысы егістік алқап су Келес өзені

Хабарламаларға жазылу