Ақша-несие саясаты жөніндегі комитет құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақша-несие саясаты жөніндегі комитет құрылады

29.10.2020

Ұлттық банк еліміздегі ақша-несие саясатын жаңғыртуда кешенді жоспар әзірлеуде. Осыған орай, жыл соңына дейін еліміздің бас қаржы ұйымы жанынан тиісті комитет құрылады. Жаңа орган базалық ставканың деңгейін белгілейтін болады. Ұлттық банктегі жаңашылдықтар ел Президентінің биылғы халыққа арнаған Жолдауы аясында жүзеге асырылмақшы. 

Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы ақша-несие саясатын қайта қарауды тапсырған. Осы бағытта Ұлттық банк 2030 жылға дейінгі стратегиялық жоспар әзірлеуде. Кешенді шара нарықтағы түйткілді мәселелерді шешуге оң ықпал ететін болады.

Ақылжан Баймағамбетов, ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары:
-Валюта нарығының тиімділігін арттыру үшін Үкіметпен бірлесіп, елге валюталық түсімді қайтарудың қосымша шаралары пысықталады. Сонымен қатар, оны іске асыруы үшін экспорттаушыларға қолайлы жағдайлар жасалатын болады.

Ұлттық банк басшылығының айтуынша, жұмыстардың нәтижесі теңгеге деген сенімді арттыруы тиіс. Ұзақ мерзімді инвестициялар үшін де қолайлы жағдай жасалады. Бұл өз кезегінде отандық экономиканың өрісін кеңейтпек. Кешенді шаралар аясында ақша-несие жөніндегі комитет құрылады.

Ақылжан Баймағамбетов, ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары:
-Сонымен қатар, ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, 2020 жылдың соңына дейін Ұлттық Банк жанынан ақша-несие саясаты жөніндегі комитет құрылады. Бұл - алқалы орган. Басты міндеті - базалық ставка мен оның дәлізінің мөлшері жөнінде шешім қабылдау.

Базалық мөлшерлеменің деңгейін белгілей отырып, Ұлттық банк ортамерзімді кезеңде баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ақша нарығының таргеттелетін банкаралық қысқа мерзімді мөлшерлемесінің нысаналы мәнін айқындайды. Айта кетерлігі, аталған комитетті құруда еліміздің бас банкі озық елдердің тәжірибесін ескеріп отыр. Уақыт өте орган құрамына тәуелсіз мүшелер қабылданады. 

Дарын Сағитов

Ақша-несие саясаты комитет Ұлттық банк

Хабарламаларға жазылу