«Бастау» бағдарламасымен оқыған әйелдер наразылық білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Бастау» бағдарламасымен оқыған әйелдер наразылық білдірді

30.10.2020

Ақтөбеде «Бастау» бағдарламасы бойынша оқыған бір топ әйел жергілікті әкімдікке келіп наразылықтарын білдірді. Айтуларынша, ешқайсысы 555 мың теңге шамасындағы қайтарымсыз грантты ұтып ала алмаған. Олар «Қаражатты шын мұқтаж емес адамдар иеленіп кетті, байқау әділ өткен жоқ» деп күдіктенеді.  

Бұл әйелдер «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау» бағдарламасымен арнайы курстан өткен. Бір кезеңде 250-дей адам оқып, оның 45-і ғана 555 мың 600 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты ұтып алған. Дегенмен көпбалалы аналар байқаудың әділ өткеніне күмәнді. 

Лалагүл Нұрымбетова, қала тұрғыны:
-Қаншама дайындалдым. Мен ателье жалдайтын жермен сөйлестім. Ешқандай үмітімізді ақтаған жоқ.
Саягүл Тілеубергенова, көпбалалы ана:
-Оның ішінде «Мәке, Сәкемен» кетіп қалғандар көп деп ойлап тұрмыз. Бізге ең болмағанда 45 адам кім ұтқанын әлеуметтік желіге таратсын. Болмаса қолымызға берсін. Талабымыз сондай.

Алайда, жауаптылар грантты ұтып алған адамдардың тізімін көрсетуден үзілді-кесілді бас тартты. Айтуларынша, байқау әділ өткен.   

Гүлназ Сисенова, қала әкімінің орынбасары:
-Әрбір органдардан сіздердің мүмкіншіліктеріңіздің бәрін қарайды. Себебі, ертең бұл қаржыны алып алғаннан кейін басқа нәрсеге жұмсап, кредитіңізді жауып жіберіп, орнына келтіре алмасаңыз, жауапкершілікке тартыласыз. Сол кезде қиналасыз.

Жақсыбек Кемал, тілші:

-Әкімдік өкілдерінің айтуынша, биылға гранттар бөлуге қаржы таусылған. Сондықтан келесі жылдың бюджетіне ақшаны көптеу сұраймыз деп уәде беріп отыр.

Жақсыбек Кемал

қайтарымсыз грант Ақтөбе «Бастау» бағдарламасы

Хабарламаларға жазылу