Халықтың ауылдық жерден көшуі өсіп келеді - Ақылбек Күрішбаев

23.10.2020

Ауылдық аймақтарды дамыту мәселелерін басқаруды Ұлттық экономика министрлігі қарамағынан алып Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру керек. Бүгін Сенатта өткен парламенттік тыңдау кезінде Депутат Ақылбек Күрішбаев осындай ұсыныс жасады. Оның айтуынша ауыл өндірісі мен ауылдық тұрғындарға оңтайлы жағдай жасау ортақ мәселе. Оны бөліп-жару дұрыс емес. Сонымен қатар, бұл – бүкіл әлемдік тәжірибе. 

Қазір елімізде 6300-ден астам ауыл бар. Халқының 41 пайызы осы ауыл аймақтарда қоныстанған. Сенатта айтылған ақпарат бойынша ауылдардағы проблеманың ең бастысы халық санының азаюы мен жұмысшы күштің қалаға ығысуына байланысты.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Жылдан-жылға халықтың ауылдық жерден көшуі өсіп келеді. Өткен жылы жарты миллионға жуық адам ауылдан қалаға қоныс аударған. Бұрын ауылда бала туу деңгейі қалаға қарағанда әрқашан жоғары болатын. Ал соңғы 6 жылда бұл көрсеткіш ауылдық жерлерде төмендеп кетті. 

2004 жылдан бастап ауылдық жерді дамыту мақсатында 6 бағдарлама қабылданып, 2 трлн теңгеге жуық ақша бөлінген. Дегенмен, мәселелер әлі де толық шешілмей отыр. 

Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҰКП төрағасы:
-Үлкен қалалар мен ауыл шаруашылығы дамыған облыстардың арасы өте алшақ болып тұр. Алматы қаласының жалпы экономикасы мен Солтүстік Қазақстан облысын қарасақ 11 есе екен арасы. Бұл деген ойландыратын жағдай.

Ұлттық экономика министрлігі ауылдық жерлердің қажеттілігін нақтылау үшін арнайы сараптама жүргізген. Оның қорытындысы бойынша әр бесінші ауылдағы мектептер мен балабақшалар, әр үшінші ауылдағы медицина мекемелері күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Ауыз су тапшылығы мен жолдың жоқтығынан қиналып отырған елді мекендер де өте көп. 

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
-Біздің мынадай ұсынысымыз бар. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасына ұлттық жоба мәртебесін беру қажет. Сонда түрлі мақсаттағы бағдарламаларды біз ауылдың экономикасы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға жұмылдыра аламыз. 
Ауылдық жерлерде шаруасын дөңгелетін отырған кәсіпкерлер болса кадр тапшылығы мәселесін ерекше айтты. Сондықтан қажетті мамандарды ірі оқу орындары мен шетелде оқыту үшін мемлекеттен субсидия бөлуді сұрады. Бастысы қабылданған бағдарламалардың жұмысын жүйелі түрде қадағалап отыру маңызды екенін айтты.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы: 
- Бүгін ауыл ел бесігі жобасына ұлттық жоба мәртебесін беру туралы жақсы ұсыныс айтылды. Бұл бастаманы орынды деп қабылдаймыз. Ұлттық жоба осы бағыттығы мәселелерді кешенді түрде шешуге, ауылға көрсетілетін мемлекеттік қолдауды жүйелеуге мүмкіндік береді.

Палата төрағасы ауылдарды сақтау және дамыту – Ұлттық қауіпсіздік үшін де өте маңызды екенін айтты. Әсіресе шекара маңындағы елді мекендерге ерекше мән беру керек деді ол. 

Оңғар Алпысбайұлы 


Ауыл Ақылбек Күрішбаев

Хабарламаларға жазылу