СҚО-да 4 елді мекен карантинге жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да 4 елді мекен карантинге жабылды

22.10.2020

Олар - Кирово, Термоснянка, Покровка, Чириковка ауылдары. Бұған дейін 6 ауылға шектеу енгізілген болатын. Ал зейнет жасындағы адамдарға Ресейге баруға уақытша тыйым салынды. Сонымен қатар, өңірде 1 қыркүйектен бері 30 оқушының вирус жұқтырғандығы анықталды. Сондай-ақ, Оралда да індеттің алдын алу үшін сақтық шаралары күшейді.

Солтүстік Қазақстанда тағы 4 елді мекенде карантиндік шаралар күшейтіліп, блокбекеттер қойылды. Өйткені соңғы күндері короновирус жұқтырғандар көбейді. Дертке шалдыққандардың ең көбі Петропавл қаласында, 56 пайызды құрайды.  

Айнаш Сағындықова, Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:  
-Соңғы тәулікте ауру жұқтырған 9 адам анықталды, оның 3-еуі Ресейден келген. Өткен екі аптада науқастар саны 1,5 есеге көбейді. 157 адамнан вирус белгілері анықталды. 58 адам сырттан келгендер.  

Солтүстік Қазақстан облысында демалыс күндері қоғамдық көліктер жүрмейді. Спорт нысандары мен тамақтану орындары, үйірмелер мен балалар және сауда және ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар жұмыс істемейді.

Оралда жасы 65-тен асқан азаматтарға енді себепсіз көшеге шығуға болмайды. Шаһарда ауыл шаруашылық және азық-түлік жәрмеңкелеріне тыйым салынды. 

Назгүл Ажмұратова, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау басқармасының бас маманы: 
-Аурудың өсімі бұған дейін 0,1 пайыз болса, енді 0,4 пайызға өсті. Соған байланысты шектеулер еніп отыр. Мұның бәрі тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр.

Сондай-ақ демалыс күндері қоғамдық көліктер де жүрмейтін болды.

Сағындық Сәбитұлы 

СҚО карантин

Хабарламаларға жазылу