СҚО-да тағы 2 аудан орталығы карантинге жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да тағы 2 аудан орталығы карантинге жабылды

12.10.2020

Солтүстік Қазақстан облысында бүгін түнде тағы екі аудан орталығында шектеу шаралары күшейді. Талапқа сай соңғы екі аптада коронавирус инфекциясын жұқтырғандар жетеуден асса, карантин енгізіледі. 

Сағындық Сәбитұлы, тілші:
Солтүстік Қазақстан облысында эпидемиологиялық ахуалға байланысты тағы екі аудан орталығы карантинге жабылды. Бұл Есіл ауданының орталығы Явленка мен Мамлют ауданының орталығы Мамлютка қаласы. Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта мамлют ауданында коронавирус жұқтырған 26 адам анықталыпты, соның 14-і қала тұрғыны. 
Зейнап Бикина, Мамлют аудандық көрсетілетін қызмет пен тауарлардың сапасын бақылау басқармасының басшысы:
11-і күнгі 00:00-ден бастап көліктердің жүрісін шектеу шаралары енгізілді. Дүкендер мен дәмханалар сол қалпы, сағат 9:00-ден 21:00-ге дейін жұмыс істейді. Тек корпоративтік жиындарға тиым салынған. Мектептер де қалыпты жағдайда, оқушылар арасында ауру жұқтырғандар жоқ. 
Сағындық Сәбитұлы, тілші:
Жалпы, бүгінге дейін өңірде үш аудан орталығы карантинге жабылды. Явленкада 16, Булаев қаласында 24 адамның дертке шалдыққаны белгілі болды. Бұл елді мекендерде бизнес және әлеуметтік нысандар қалыпты жағдайда жұмыс істей береді. Тек кіріп-шығуға ғана шектеу қойылған. Сондай-ақ, адамдардың кешке бейбереткет жүруіне, бір-біріне қонаққа баруына шектеу қойылады. 
коронавирус карантин СҚО блокбекет

Хабарламаларға жазылу