Қызу түсіретін дәрілер мен антикоагулянттар тегін беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызу түсіретін дәрілер мен антикоагулянттар тегін беріледі

20.10.2020

Коронавирустың екінші толқынына дайындық мақсатында елімізде дәрі-дәрмектің қоры құрылып жатыр. Денсаулық сақтау министрі Үкімет отырысында осылай деді. Қазір 5,9 миллиард теңгеге дәрінің 37 түрі алынған. Барлық өңірде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін көлемі 13 миллиард теңгеден астам сақтандыру қорлары да құрылды. 

Сақтықта қорлық жоқ. Болуы мүмкін екінші толқынға дайындық қызу. Ауру алғаш келгендегідей абдырап қалмау үшін алдымен дәрі дәрмек тапшылығын болдырмаумыз керек дейді елдің бас дәрігері.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-Болуы мүмкін екінші толқынға дайындық мақсатында қоймаларда дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры жинақталып жатыр. Осы мақсатта 8,2 млрд теңгеге сұранысқа ие дәрілердің 44 түрі сатып алынады. Бұл шамамен ай сайын 60 мың пациентті стационарда емдеуге мүмкіндік береді. 

Дәрі-дәрмекті тегін тарату мүмкіндіктері де қарастырылған. Яғни, коронавирус диагнозы қойылған науқастар аурудың жеңіл формасы кезінде ПТР тест нәтижесіне қарамастан, тіркелген емханаларында қызу түсіретін дәрілер мен антикоагулянттарды тегін ала алады. Бұл стационарлардағы жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Ал қазір елде коронавирусқа қарсы пайдаланылып жатқан препараттардың 48 пайызы өзімізде өндіріледі.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
-Биылғы 9 айда фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс 39,8 пайызға өсті. Оған «СК-Фармация» арқылы тегін медициналық көмек дәрілер мен медициналық бұйымдарды жеткізу көлемінің артуы әсер етті. Елімізде қазір 96 кәсіпорын дәрілер мен медициналық бұйымдар шығарады. Оның ішінде 33 компания дәрілік заттар, 41 кәсіпорын медициналық бұйымдар және 22 компания медициналық техника өндіреді. 

Дәрінің тұтынушыға тура жеткізу мәселесі де маңызды. Абыр-сабырды пайдаланып алып сатарлар пайда көрмеуі үшін жаңа жүйе әзірленіп жатыр. 

Ерхат Есқалиев, «СҚ-Фармация» басқарма төрағасы: 
-Қазір Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жүйені цифрландыру ісімен айналысып жатырмыз. Яғни жоспарлау, сатып алу, тасымалдау шаралары автоматтандырылады. Бұл қордағы дәрілерді тиімді пайдалануға, алып сатарлардың препараттарды қайта сатуын тоқтатуға мүмкіндік береді.

Үкімет басшысы жоспардың жүйелі жүзеге асуын қатаң бақылауда ұстауды, ауруханалар мен емханалар дәрісіз қалмауын қадағалауды тапсырды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
-Денсаулық министрлігі «СҚ-Фармациямен» бірлесіп, стационарларда әсіресе инфекциялық ауруханаларда дәрі-дәрмек болуына мониторинг жүргізсін. Дәрі-дәрмек тапшылығы болмауы тиіс.

 Сондай-ақ, Премьер-Министр маска өндірісін де арттырып, тәулігіне 1,5 млн данасын шығаруды тапсырды. 

Оңғар Алпысбайұлы 


дәрі антикоагулянт Коронавирус

Хабарламаларға жазылу