Мақтааралда жаңа шағынаудан ашылып, 386 үй ел игілігіне берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мақтааралда жаңа шағынаудан ашылып, 386 үй ел игілігіне берілді

19.10.2020

Көктемде су тасқыны болған Мақтаарал ауданының тұрғындары бүгін қоныс тойын тойлады. Аудан орталығы Мырзакент елді мекенінде жаңа шағын аудан бой көтеріп, 400-ге тарта үй ел игілігіне берілді. 

Тасқын кезінде баспанасы суда қалған Иманбетовтар отбасы бүгін ерекше қуанышқа бөленді. Көпбалалы отбасы төрт бөлмелі баспанаға жайғасты. 

Жанар Ережепова, Мырзакент ауылының тұрғыны: 
- Бір киіммен құжаттарды алып, үйден шығып кеттік. Мақтаарал мектебіне барып жаттық. Енді соның бәрі артта қалып, міне үйімізге кіріп отырмыз. 

Жаңа қалашықтағы 386 үйге Жеңіс, Жаңатұрмыс және Достық елді мекендерінің тұрғындары қоныстанып жатыр. Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр да мақтааралдықтардың қуанышына ортақтасып, баспана кілтін табыстады.  Салтанатты жиында құтқару жұмысына атсалысқан қарапайым азаматтар да назардан тыс қалмады. Бірі Мемекет басшысының алғыс хатын алса, енді біріне «Халық алғысы» төсбелгісі табысталды. 

Жаңа қалашықта барлық инженерлік инфрақұрылым тартылып, жоғары жылдамдықтағы интернет желісі қосылған. 1200 орындық мектеп пен балабақша және дәрігерлік амбулатория да салынуда.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу