Жапаровтың жақтастары парламент пен оның спикеріне орнынан кету туралы талап қойды

15.10.2020

Қырғызстан президенті отставкаға кетті. Мұндай шешімін Сооронбай Жээнбеков халыққа жасаған үндеуінде айтып өтті. Қазір ел астанасы Бішкекте қоғамдық-саяси жағдай әлі күрделі. Үкімет құрамы бекітіліп, республикадағы ахуал тұрақтала бастағанымен, жаңа сайланған Премьер-министр Садыр Жапаровтың жақтастары парламент пен оның спикеріне де орнынан кету туралы талап қойды. 

Қырғызстан басшысының оппоненттері президент сарайы жанындағы «Ыстықкөл» қонақ үйінің қасына әдеттегідей наразылық білдіру үшін жиналған еді. Алайда, «Сооронбай Жээнбеков отставкаға кетті» деген хабардан кейін қарсылық акциясы қуанышқа айналды.

Бүгін таратқан мәлімдемесінде Жээнбеков биліктен кету шешімін қауіпсіздік күштері мен шерушілердің қақтығысуына жол бермеу ниетімен қабылдағанын атап өтті. 

Сооронбай Жээнбеков, Қырғыз Республикасының Президенті: 
-Мен үшін Қырғызстандағы бейбітшілік, ел тұтастығы, халқымыздың бірлігі мен қоғам тыныштығы бәрінен жоғары тұр. Әрбір отандасымның өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Билікте қалуды көздеген жоқпын. Қырғызстан тарихында қан төккен, өз халқына оқ атқан президент ретінде қалғым келмейді. Сондықтан, отставкаға кету туралы шешім қабылдадым. 

Жээнбеков – Қырғыз Республикасының үшінші президенті. Елде шерулер мен тәртіпсіздіктер қазанның 4-де өткен парламенттік сайлау қорытындыларына қарсылық ретінде басталды. 

Сәрсенбі күні президент парламенттің өткен аптада түрмеден босатылған Садыр Жапоровты премьер-министр етіп таңдауымен келісті. Содан кейін Жапаровтың жақтастары Жээнбековқа отставкаға кету туралы қысымды күшейтті. 

Жээнбековтың отставкасынан кейін заң бойынша президенттік билік парламент спикері Қанатбек Исаевтың қолына өтуі тиіс. Ал, Исаев орнынан кетсе, мемлекетті Жапаров басқаруы керек. Жаңа премьер спикерге орнын босату туралы талап қоя ма? Бұл сауалға әзірге жауап жоқ. 

Бірақ, бүгін Жапаровтың жақтастары Жээнбековтың шешімінен кейін «Парламент те кетсін!», «Исаев та кетсін!» деген ұрандар көтерді.

Арыстан Рысбек

Жапаров Қырғызстан Сооронбай Жээнбеков отставка

Хабарламаларға жазылу