Абайдың тарихи фотобейнесі Елордаға әкелінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абайдың тарихи фотобейнесі Елордаға әкелінді

24.01.2020

Абай Құнанбаев өмірінде екі рет қана суретке түскен. Сол екі фото «Жидебай-Бөрілі» мұражайының қорында сақтаулы. Ұлы ақынның тарихи фотобейнесі және өзге де тұтынған заттары алғаш рет Елордаға әкелінді. Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығындағы «Абай музейі және қолжазбалар әлемі» атты көрме екі апта болады. Ақын туралы кеңірек білсем деген астаналықтар үшін бұл керемет мүмкіндік.

6506 Ұлы ақын өзіне серік еткен, үнемі қасынан тастамаған тұмар домбыра — музей қорындағы ең құнды жәдігер. Оны 1885 жылы Абайдың досы Долгополов Семей өлкетану мұражайына табыстаған. Бірақ оны кім жасаған, Абай оны қанша уақыт ұстаған, ол туралы ешқандай мәлімет жоқ. Кезінде Шыңғыстау өңірінің өнерлі адамдары үш ішекті домбыра ұстаған.

Абай досы Нифонт Долгополов арқылы өзінің және әкесі Құнанбайдың көп дүниесін өлкетану музейіне өткізген. Тері торсық, кесе қап, піспек, құты. Бұл заттарда ақынның қолының табы қалған. Ал мынау суретте Абай Ақылбай және Тұрағұл атты ұлдарымен. Сурет 1896 жылы Семей қаласында түсірілген. Түпнұсқа. Екінші, Абайдың отбасымен 1903 жылы түскен суреті. Оны Мұхтар Әуеэов түпнұсқадан қайта түсіріп, көшірме турінде Абай музейіне берген. Сондай-ақ Абай оқыған медресенің араб, түрік, шағатай тілдеріндегі кітаптары — көрмедегі құнды экспонаттар қатарында.

Абай мұрасы — ғасырлар бойы мәнін жоймайтын рухани қазына. Сондықтан ол — құнды. Қолжазбалар және сирек кітаптар Ұлттық орталығында да ақын шығармашылығы туралы 40-тан астам баспа, құжаттар бар.

Ұлы хакім ұлағаты — ұрпаққа үлгі. Көрмеге қойылған әрбір экспонат өзінше ерек. Жұрт қызыға, тамсана қарайды, Ұлы Абаймен мақтанады, марқаяды.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу