Шахандағы жылу қазандығының құрылысы 14 айға созылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шахандағы жылу қазандығының құрылысы 14 айға созылды

13.10.2020

Қарағанды облысының Шахтинск қаласына қарасты Шахан кентінің тұрғындары биыл қыста тағы да жандарын шүберекке түйіп, пәтерлерінде пеш жағып отырмақ. Себебі орталық жылу жүйесінің құрылысы 2021-ші жылдың аяғына дейін шегеріліп отыр. Бұған құрылыс жүргізген мердігер компанияның ауысуы себеп. Еске салсақ, 2017-ші жылы осы кенттегі көпқабатты үй жертөлесінде орналасқан пештің жарылуы салдарынан 9 адам қайтыс болған еді. Жертөледегі пештер түгел аулаға шығарылғанымен, уәде етілген орталық қазандықтың құрылысы созылып кетті. 

Руслан Нұрланұлы, тілші:
-Шахан кентінде 117 көпқабатты тұрғын үй бар. Соның тек 20-дан астамы ғана автономды қазандықтарға қосылған. Ал қалғанында тұрғындар пәтер ішінен пеш жағып күнелтеді. Осындай берекесіздіктің салдарынан жұрттың біразы үйлерін тастап көшіп кеткен.

Пеш жағудың машақаты Галина Жұмабекованы да әбден титықтатқан. Бұрын төртінші қабатта кең пәтерде тұрғанымен, оған отын тасу, күл шығару қиын болған. Амалсыз осы бірінші қабаттағы баспанаға көшкен.

Галина Жұмабекова, Шахан кентінің тұрғыны:
-Жаққанда үнемі үйде болу керек. Суы қайнап кетсе пеш атылып кетуі мүмкін. 

Кент тұрғындарының күн суытса бейнеті көбейеді. Кейбірі тіпті бос тұрған көрші пәтерді отын сақтайтын қойма қылып алған. Ал орталық жылу қазандығының құрылысы созылып кетті. Оны салуға ел қазынасынан бастапқыда 1 млрд 800 миллион теңге бөлінген. Алайда алғашқы мердігер талапты түгел орындай алмай, қаңтардан бері жұмыс мардымсыз жүрген. 

Жанболат Төребаев, Шахтинск қаласы құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
-Адамдарым жұмысқа шықпай қалды деді, жұмысын созды, екі айдай ол жұмыс жасаған жоқ. Осы 2020 жылдың мамыр айында келісімшартты үздік. Ол әрине келіскен жоқ. Сотқа берді. Бірақ ол бірінші соттан жеңіліп қалды. 

Қазір жаңа мердігер бекіп, жұмыс қайта жалғасқан. Алайда екінші мәрте келісімшарт жасалғандықтан құрылыстың аяқталу мерзімі 14 айға ұзартылды. Яғни, 2021-ші жылы қараша айында ғана тапсырылмақ. Жылу қазандығы салынып біткенше кенттің ішіне орталық магистральді жүргізу қажет. Ал, көпқабатты үйлерді сол құбырға қосу үшін пәтер иелері өз қалтасынан төлеуі тиіс. Бұл да оңайға соқпасы анық. Себебі кентте әлеуметтік әлжуаз топ санатындағы тұрғындар көп.

Руслан Нұрланұлы

Шахан жылу қазандығы

Хабарламаларға жазылу