Маңғыстау облысында карантин талаптары күшейтіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында карантин талаптары күшейтіледі

12.10.2020

Солтүстік Қазақстан облысында 3 аудан орталығы карантинге жабылды. Мамлют ауданы мен Есіл ауданының орталықтары және бұған дейін Булаев қаласы оқшауландырылды. Қазір бұл елді мекендерде көлік қатынасына және тұрғындардың үйден шығуына шектеу қойылды. Сондай-ақ, ертеңнен бастап Маңғыстауда да карантин талаптары күшейтілмек.    

Солтүстік Қазақстан облысындағы үш аудан орталығында соңғы екі аптада коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсіп кетті. Явленкада 16, Булаев қаласында 24 және Мамлют ауданында 26 адам індет құрығына ілікті. Осыған байланысты аймақтык комиссияның шешімімен аудан орталықтарында блок-бекет қойылып, шектеу шаралары енгізілді.  

Зейнап Биккина, Мамлют аудандық көрсетілетін қызмет пен тауарлардың сапасын бақылау басқармасының басшысы:  
-Дүкендер мен дәмханалар сол қалпы, сағат 9-дан 21:00-ге дейін жұмыс істейді. Тек корпоративтік жиындарға тиым салынған. Мектептер де қалыпты жағдайда, оқушылар арасында ауру жұқтырғандар жоқ. 

Карантин талаптарына сай бұл елді мекендерге арнайы рұқсаты бар автокөліктер ғана кіріп шыға алады. Және ересектердің кешкі 22:00-ден , ал балалардың 19:00-ден кейін көшеге шығуына болмайды.     

Сағындық Сәбитұлы, тілші: 
-Жалпы, бүгінгі күнге дейін өңірде үш аудан орталығы карантинге жабылған. Ол жерлерде бизнес және әлеуметтік нысандар қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр. Тек, арнайы рұқсаты жоқ автокөліктер мына бекеттерден кері қайтарылады.  

Ал, Маңғыстауда ертеңнен бастап карантин талаптары күшейеді. Өйткені, өңірде оншақты күннің ішінде қауіпті індетті 20 науқас жұқтырған.   

Ғазиз Надуев,Маңғыстау облысының бас санитар дәрігері: 
-Егерде қатты өсім болса, жаздағыдай жағдай болуы мүмкін. Алдын алу үшін біз халықтан сұранатынымыз, маска тағу, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау.  

Эпидемиологиялық жағдайдың алдын алу үшін бірқатар қоғамдық орындардың жұмыс уақыты қысқартылды. Атап айтқанда, тамақтану орындары, дәмханалар мен супермаркеттер енді 21:00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Ал азық-түліктен басқа барлық базар 16:00-де жабылады. Қоғамдық көліктер сенбі, жексенбі күндері жүрмейді. Спорт нысандары, фитнес орталықтары мен жаттығу залдары жабылады. Той мен ұжымдық шараларға бақылау күшейді. 

Сағындық Сәбитұлы 

Аягөз Оралбайқызы


Маңғыстау облысы карантин

Хабарламаларға жазылу