Есік көлі жазда қатты тартылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Есік көлі жазда қатты тартылған

09.10.2020

Алматы облысындағы Есік көлі қалпына келеді. Жаз айларында суы азайған көлдің жайын жеткізген экологтар стратегиялық нысанның ашық-шашық жатқанына қынжылыс білдерген. Олардың жанайқайынан соң Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі мәселені назарға алып, тиісті мекемелерге тапсырма берді. Көлге кіреберісте екі блок-бекет қойылып, көліктердің кіруіне тыйым салынды. Сондай-ақ көлдегі қызмет түрлері тоқтатылды. 

Төтенше жағдай кезінде екі айға жуық Есік көліне ешкім аттап баспаған. Бақылаусыз қалғандықтан су электр станциялары көлге құятын ағын суды керегінше бұрып алған. Бұған дейін экологтар осылай деп дабыл қаққан еді. Алайда, мәселе басқада болып шықты. Аймақты 49 жылға жалға алған «Қазэлектроэнергия» компаниясының өкілдері қыс айларында жауған қардың көлемі аз болғандықтан, кейін су мөлшері азайғандығын айтады.

 Димаш Алишпанов, «Қазэлектроэнергия» ЖШС директоры:
-Су жетіспеушілігі болғаны рас. Дегенмен, су деңгейі әр мезгілге сай азайып, көбейіп отырады. Қазір барлығы реттелді. Яғни, 1719 метрге жетті. Егер бұл көрсеткіштен асып кетсе, сел жүру қаупі бар. Сондықтан, әр мезгілге сай су деңгейін үнемі бақылап отырамыз. 

Белсенділер стратегиялық нысанның ашық-шашық жатқанын айтып, дабыл қаққаннан кейін «Іле-Алатау» ұлттық паркінің өкілдері бірқатар шектеулер енгізді. Енді көлге барар жолда қойылған алғашқы блок-бекетке 500 теңге төлейсіз. Ал екіншісіне көлігіңізді тастап, әрі қарай 1 шақырым жаяу жүру керек. Коммерциялық нысандар аймақтан алынып, катерлердің жұмысы тоқтатылған. Жол бойына био-дәретханалар мен қоқыс тастайтын орындар орнатылмақ.

Жанболат Нұрдәулет, «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Түрген филиалының директоры:
-Көркем жерлердің бәріне абаттандыру жұмыстарын жасаймыз.

Қабылданған шектеу шаралары өз нәтижесін бере бастаған. Көл аумағы қоқыстан тазарып, туристер көбейген. Дегенмен, мұнда енді ешқандай қызмет көрсетілмейді. Тек тұмса табиғатты тамашалаймын деп келген жарымжандар мен аяғы ауыр әйелдер үшін алдағы уақытта арнайы автобустар жұмыс істейді.

Нұрхан Нұрланұлы

Есік көлі Алматы облысы

Хабарламаларға жазылу