Түркістанда коронавирустың екінші толқынына дайындық күшейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда коронавирустың екінші толқынына дайындық күшейді

06.10.2020

Індет қайта белең алған жағдайда дәрі тапшылығы болмас үшін екі айлық қор жиналып, ауруханалар тыныс алу аппараттарымен қамтылуда. Шалғайдағы Асық ата ауруханасы пандемия кезінде 1000-ға жуық науқасты емдеген. Мұндағы дәрігерлер алғашқы толқын кезінде біраз қиындықтарға тап болды. Әсіресе тыныс алу аппараттарының жеткіліксіздігі мен оттегі нүктелерінің аздығы әбігерге салған. Енді оның бәрі ретке келтіріліп, ауруханаға қажетті дәрі-дәрмектер жеткізілді.

 Ерғали Сопбеков, «Асық ата» ауруханасының бас дәрігері: 
-Басында бізде антикогулянттар, антибиотиктер жетіспеушілігі пайда болды. Вирусқа қарсы препараттардың да жетіспеушілігі болған еді. Қазіргі таңда оның да қоры дайындалып қойды.

Жетісайлық дәрігерлер бөрікті аспанға атуға әлі ерте деп отыр. Себебі, халқы тығыз орналасқан ауданда пандемия кезінде 1500-ге тарта науқас ем қабылдаған. Бұрын-соңды мұнша науқасты емдеп көрмеген дәрігерлер дайындықты осы бастан қолға алды. Ауруханада ПТР тестті өткізетін зертхана ашылып, тыныс алу аппараттары қажетті оттегімен қамтылды. Облыста қазір қосымша 600 төсек-орын ұйымдастырылған. Ал, қажет болған жағдайда оның санын 5,5 мыңға дейін жеткізіледі. Сондай-ақ, аудандық ауруханалар компьютерлік томографпен, ПТР зертханаларымен және цифрлық рентгендермен жабдықталаған. Өкпені жасанды желдету аппараттары мен оттегі концентраттары да әр аудандағы емдеу мекемелеріне таратылған. 

Ермек Тәжімұрат, Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының бөлім басшысы: 
- Қазір 12 дана жылжымалы медициналық кешен автобус базасында біздің аудандарға жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 15-ші қазанға дейін жеткізіледі. Сонымен қатар ауылдық ауруханаларда 3 дана рентген аппараттарын орнаттық. 

Айта кетейік, өңірде пандемия кезінде 3300-ден аса науқас тіркеліп, 46 адам қауіпті індеттен қайтыс болған. Бүгінде облыс орталығынан 200 төсекке арналған инфекциялық аурухананың құрылысы жүргізілуде. Науқастарды дер кезінде анықтап, қызмет көрсету мақсатында арнайы учаскелер мен мобильді топтар құрылған. 

Айнұр Ақбаева


Түркістан коронавирус

Хабарламаларға жазылу