Құс тұмауы жұмыртқа бағасының қымбаттауына әсер етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құс тұмауы жұмыртқа бағасының қымбаттауына әсер етті

05.10.2020

Құс тұмауы жұмыртқа бағасына әсер етіп жатыр. Қазақстанда оның бағасы орташа есеппен 10-15 процентке дейін қымбаттап кеткен. Ал өндірушілер бұл тек дендеген індеттің қана салдары емес деп отыр. Нұр-Cұлтандағы базарларда құс өнімдерінің саудасы азайған. Сатушылар оны құс тұмауымен және бағаның қымбаттауымен байланысты деп отыр. 

Шерхан Жамбылұлы, тілші: 
- Базар сөрелерінде жұмыртқа тапшылығы еш сезілмейді. Дегенмен сатушылардың сөзінше тауар бұрынғыдай көп емес және таңдау да аз. Сауда-саттық көлемі де 10-15 пайызға төмендеп кеткен. 30 дана жұмыртқа бір апта бұрын ғана 1200 теңгеден сатылса, қазір 1260 теңгеге саудаланып жатыр.

Пандемия кезінде күнделікті ас-ауқаттың қымбаттағанын қараша халықтың қалтасы бірден сезіп жатыр. Елімізде жұмыртқа өндіретін 27 фабрика жұмыс істейді. Құс өндірушілер қауымдастығы олардың өндірісі 20 пайызға кеміп кетті дейді. Бағаның өсуіне ықпал еткен фактордың бірі осы. Бұдан бөлек бидайдың тоннасы 58 мыңнан 85 мың теңгеге қымбаттауы да әсер етіп отыр. Оның үстіне кәсіпкерлер биылғы демеу қаржыға әлі күнге дейін қол жеткізбеген. 

Қазақстан жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының президенті Максим Божконың сөзінше құс тұмауынан елімізде 1,5 млн қанатты қырылып қалған. Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл сан әлдеқайда кем деп отыр. 320 мыңнан аспайды дегенді алға тартады. Сол себепті миллионнан аса құсқа өтемақыны мемлекет өтемейді. Министрлік кінәні кәсіпкерлердің өзінен дейді.  

Тұрсын Қабдулданов, Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы:    
-Кәсіптік өз технологияларын орындамағаны, ветеринариялық талаптарға сай ұйымдастырмағаны. Оны барып жұмыс тобы тексергенде құс жемдерін дайындайтын ғимараттардың үстінде жабайы құстар ұшып жүр.

Құс тұмауы бойынша елімізде жағдай тұрақталып келеді. Соңғы бір тәулікте Қазақстан бойынша 164 жағдай ғана тіркелген. Сала мамандары бұл бағаның тұрақталуына әсер етіп, жұмыртқа құны қайта түседі деген болжамды айтып отыр.

Шерхан Жамбылұлы


Құс тұмауы жұмыртқа бағасы

Хабарламаларға жазылу