Нұр-Сұлтанда өткен демалыс күндері карантин талаптарын бұзудың 34 дерегі тіркелді, деп хабарлайды Полиция департаментінің баспасөз қызметі
Елордада карантин талаптарын бұзу фактілерін анықтау бойынша полицейлер мен эпидемиологтар, еріктілер, жергілікті атқарушы орган өкілдерінен құрылған мобильді топтардың жұмысы жалғасып жатыр.
Тексеріс барысында полицейлер каладағы ойын-сауық, көңіл көтеру орындары, қоғамдық тамақтану нысандары, сауналар мен моншаларға кіріп, олардың иелеріне карантин режиміне байланысты шектеу шаралары туралы ескертіп, заңбұзушылықтарды анықтады.
4 қазанда таңғы сағат 5:00 шамасында полиция бөліміне қала тұрғыны телефон шалып, Шевченко көшесіндегі «Угол 4/1» дәмханасының карантин талаптарын бұзып жатқаны туралы хабарлады. Оқиға орнына шыққан тәртіп сақшылары дәмхананың ішінде ондаған келуші отырғанын анықтады. «Угол 4/1» дәмханасының иесі карантин талаптарын бұзғаны үшін бұған дейін бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған, десе де Бас санитарлық дәрігер қаулысының нормаларына әлі құлақ аспай отыр. Дәмхана иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 425-бабымен әкімшілік өндіріс қозғалды.
Полиция департаменті қала тұрғындарын санитарлық нормаларды сақтауға шақырады. Сондай-ақ карантин талаптарын бұзғаны үшін жауапқа тартылатынын еске салды.