Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерден сенім грамоталарын қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

01.10.2020

Президент жаңадан тағайындалған төрт мемлекеттің елшілерімен кездесті. Беларусь, Финляндия, Австрия және Мажарстан мемлекетінің дипломаттары Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамоталарын табыстады. Бұл елдері үміт артып жіберген дипломаттардың Ақордаға алғаш кіруі. Оларға көрсетілген құрмет Президенттерге жасалатын сән-салтанаттан кем емес. Қызыл кілем жайылып, сап түзеген сарбаздар мен оркестр меймандарды қарсы алды. Елшілер алдымен қазақтың рәміздеріне құрмет көрсетіп, кейін рәсім өтетін залға қарай беттеді. 

Мұнда Беларусь, Финляндия, Австрия және Мажарстан мемлекетінің елшілері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен жақынырақ танысып, сенім грамоталырын табыстады. Бұл елордаға уақытша қоныс аударған елшілердің дипломатиялық миссиялары ресми түрде басталды деген сөз. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Сіздер Еуропаның төрт мемлекетінің өкілісіздер. Еліміздің сыртқы саяси тұжырымдамасында Еуропамен арадағы қарым-қатынастарға ерекше мән берілген. Еуропа Қазақстанда саяси-экономикалық ынтымақтастық және инвестиция тарту ісі бойынша маңызды рөл атқарады. Ынтымақтастығымыз одан әрі жалғаса береді деп ойлаймын. 

Иә, төрт мемлекеттің Қазақстан үшін өз орны бар. Австрия мен Финляндия ірі инвесторлар, Беларусь және Мажарстанмен де алыс-беріс, барыс-келіс қашаннан жолға қойылған. Енді соны жандандыру жолында елшілердің ерінбей еңбек етуі керек. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Өзара түсіністікті нығайту үшін еліміздің Үкіметіне де, өздеріңіздің үкіметтеріңізге де көмектесесіздер деп үміттенемін. Қазіргі уақытта бұл аса маңызды. Көптеген мемлекеттердің арасында осындай өзара түсіністіктің жоқтығы халықаралық қатынастардың шиеленісуіне алып келеді. Мәселенің мәні осында. 

Бұдан соң Мемлекет басшысы елшілердің істеріне сәттілік тілеп, естелік суретке түсті. Әрі Беларусь, Финляндия, Австрия және Мажарстан мемлекеттерінің басшылары мен үкімет жетекшілеріне жүрекжарды сәлемін жолдады.

Досжан Маратұлы

Қасым-Жомарт Тоқаев сенім грамоталары ЕЛШІ

Хабарламаларға жазылу