«Balapan» әлемі»: «Менің сүйікті кейіпкерлерім» ертегілер жинағы жарық көрді

30.09.2020
«Balapan» әлемі»: «Менің сүйікті кейіпкерлерім» ертегілер жинағы жарық көрді

«Balapan» телеарнасының 10 жылдығына орай «Balapan» әлемі» сериясымен «Менің сүйікті кейіпкерлерім» атты ертегілер жинағы жарыққа шықты. Жинаққа телеарнаның үздік 10 анимациялық жобасының негізінде жазылған ертегілер енгізілген. 

«Еліміздегі тұңғыш әрі жалғыз балалар арнасы «Balapan» биыл 10 жасқа толып отыр. Телеарна мерейтойына тарту ретінде кішкентай көрермендеріміз сүйіп көретін 10 үздік мультхикаяны ертегіге айналдырып, ұсынып отырмыз. Бұл - «Balapan» әлемі» сериясымен жарыққа шыққан алғашқы кітап. Көгілдір экраннан жақсы таныс кейіпкерлерді бүлдіршіндеріміз ертегілер еліндегі қызықты оқиғалар арқылы басқа қырынан танитыны анық. Ертеңгі ел азаматын тәрбиелеуде өз қаһармандырымызды үлгі етуіміз тиіс екенін үнемі айтып келеміз. Осыны ескере келе кейінгі жылдары арна эфирінен отандық анимацияларды шығаруды қолға алсақ, енді ондағы қаһармандарды ертегі кейіпкеріне айналдырып отырмыз. «Balapan» арнасын сүйіп көретін көрермендер бұл кітапты да қызыға оқитынына сенімдіміз», - дейді «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.  

Кітапқа «Пырақтар», «Күлкі іздеген Күнекей», «Ертемір», «Алан мен Қозықа», «Дала ойындары», «Әли мен Айя», «Ертегілер еліне саяхат», «Айдар», «Ерден атаның әңгімелері», «Қызыл мен Күлтегін» мультхикаяларының ертегі нұсқасы топтастырылды. «Balapan» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабайдың айтуынша, ертегілер жинағын шығарудағы басты мақсат - көрермен көзайымына айналған кейіпкерлер мен қаһармандар арқылы балаларды кітап оқуға қызықтыра отырып, кішкентай оқырмандардың көбеюіне ықпал ету және бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын табады.  

 «Балақайлар экрандағы сүйікті кейіпкерлерімен кітап беттерінде қауышып, ой-қиялдарын ұштай түспек. Ізгілікке, отансүйгіштікке баулитын, тілге жеңіл болса да терең мазмұнды ертегілер бүлдіршіндерді көркем де тартымды иллюстрациясымен де баурап алады деген үміттеміз. Алдағы уақытта да «Balapan» әлемі» сериясымен тұрақты түрде кітаптар шығаруды мақсат етіп отырмыз», - деді Мақпал Жұмабай өз сөзінде. 

Жинақ алдағы уақытта «Balapan» көрермендеріне сыйға тартылып, облыс орталықтарындағы кітапханаларға таратылады. Сонымен бірге кітап дүкендеріне сатылымға шығарылады. 


Хабарламаларға жазылу