Байқауға аттанған жас әнші Аружан Ардақ Ресейге кіруге әрең рұқсат алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Байқауға аттанған жас әнші Аружан Ардақ Ресейге кіруге әрең рұқсат алды

29.09.2020
Байқауға аттанған жас әнші Аружан Ардақ Ресейге кіруге әрең рұқсат алды

Қазақстанның атынан әртүрлі халықаралық байқауларға қатысып жүрген жас өнерпаз Аружан Ардақ пен оның анасы Гүлжан Сабыкенова кеше Мәскеу әуежайында кідіріп қалған болатын. Себебі, коронавирус пандемиясына байланысты, Ресей Қазақстаннан тікелей ұшып келген рейстерді қабылдап, өзге елдер арқылы транзитпен келген жолаушыларды елге кіргізбейді. Әншінің анасы Гүлжан Сабыкенова Ресейге ұшатын тікелей рейстің құны тым қымбат болған соң, Түркия арқылы ұшуға мәжбүр болғанын айтқан. 

«Өкінішке қарай, Ресей Қазақстан арқылы тікелей рейспен ұшып келген адамдарды ғана қабылдап жатыр. Ал, біздің елден тікелей рейстер аптасына бір рет ұшады, оның үстіне, билеттер сатылып кеткен. Ал, қалған билеттің бағасы тек ұшып бару үшін бір адамға 1,5 млн теңге», - деп жазған еді Гүлжан Сабыкенова. 

Бұл мәселеге Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның Ресейдегі елшілігі назар аударған. Сыртқы істер министрлігі Аружан Ардақ пен анасы аман-есен Ресейге кіргенін хабарлады. 

«Детская новая волна» байқауына қатысуға барған Аружан Ардақ пен анасын Ресейге кіргізуге рұқсат берілді. Бұл мәселе Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның Мәскеудегі Елшілігінің күш-жігерінің арқасында өз шешімін тапты. «Детская новая волна» халықаралық байқауының финалисі Аружан Ардақ анасы Гүлжан Сабыкенова қолдарында шақыру қағазы болса да, Ресейге Түркия арқылы транзитпен келген соң, Ресейдің қазіргі ережесіне сай, елге кіре алмаған еді. Қазақстан дипломаттары бар күш-жігерін салып, Аружан Ардақ шекарадан өтті және біз оған алдағы конкурста шын жүректен сәттілік тілейміз», - деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстан тарапы осы мәселеде қолдау көрсеткен Ресейдегі әріптестеріне алғыс айтып отыр. 

«Бірақ, бұл жағдай (Аружан Ардақтың Ресей шекарасынан өтуі — авт) ерекше екенін еске саламыз», -деп ескертті Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі. 

Ресей Федерациясының Үкіметі 2020 жылдың 16 наурызында шығарған өкімінің қосымшасына сәйкес, Ресейге Қазақстаннан тікелей ұшып барған отандастарымыз кедергісіз кіре алады. Ал, басқа ел арқылы ұшып келгеп қазақстандық азаматтың Ресейде не ұшып келген елінде тұратын ықтияр хаты болуы шарт. 

Хабарламаларға жазылу