«Жас қанат» байқауына – 25 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жас қанат» байқауына – 25 жыл

22.05.2016
«Жас қанат» байқауына – 25 жыл
«Жас қанат» бүгінде деңгейі жоғары дарындылар додасына айналды.

Талант тау басында да талант, тас астында да талант. Жарып шығады. Оған дау жоқ. Дегенмен, сол еректі елеу, дараны демеу деген тағы бар. Ол болмаса, өнерпаз өрге баспайды, асудан аспайды. Ал, сол өнерпаздардың өнер өлкесіндегі өрісі кем емес, кең болу үшін Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елімізде түрлі байқаулар ұйымдастырылып келеді.

Талантты талпындырып, қанат қақтыратын да осы байқаулар. Сондай сайыстардың бірі республикалық «Жас қанат» конкурсы. Бұл байқауға биыл 25 жыл. Тәуелсіздікпен бірге дүниеге келген мега жоба жұртқа жақсы таныс. Себебі, отандық эстрададағы жұлдыздарымыздың біразы осы «Жас қанаттан» қанаттанған.

«Жас қанат» - Қазақстанның құрдасы. Байқауға биыл 25 жыл. Міне, мынау 92-ші жылы өткен алғашқы байқау. Сахнада жас әнші - Медеу.

Иә, Медеу Арынбаев 24 жыл бұрын осы байқауда бақ сынаған. Сеніммен келді, сендіріп жеңді. Бүгінде елдің сүйікті әншісі.

Медеу Арынбаев, әнші:
«Жас қанат» биыл 25-ші рет өтіп жатыр. Биылғы сайыс Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен сәйкес келіп отыр. «Жас қанаттың» жеңімпаздарының барлығы халықаралық «Азия дауысының» түлектері.

Нұрлан Абдуллин мен Ерлан Көкеев те осы байқаудың алғашқы түлектері. Арада жылдар өтсе де олар «Жас қанаттан» алыстаған емес. Үнемі қолдап жереді.

Нұрлан Абдуллин, әнші:
Осы байқаудан қаншама талант ұшып шықты. Солардың бірі - мен. Бүгін ерекше сезімдеміз. Өзім қазылар қатарындамын. Баяғыдағы өзімнің сахнаға шыққан жылдарым еске түсіп отыр.

Негізі, бұл байқауда бағы жанған жұлдыздарды тізе беруге айтарлықтай уақыт керек. Сондықтан, ең қызықты, ең әсерлі сәттерге тоқталсақ. 1999 жыл. 7-ші «Жас қанат». Сахнада бойжеткен Мәдина Сәдуақасова. Мәдина көрерменнің көзайымы болып, жеңіс тұғырынан көрінді. Бас жүлдені қанжығылап, көзіне жас алды.

«Жас қанаттың» жарқын жұлдыздарының бірі - Жанар Дұғалова. Ол осы байқаудың ең жас жеңімпазы. Өрімдей кезінен-ақ, өнерімен талайдың таңдайын қақтырып, байқаудың биігінен көрінді.

Жанар Дұғалова, әнші:
Менің бұл байқауға қатысқаныма 15 жыл болса да, күні кеше ғана болғандай. Мен ол кезде 14-ке енді ғана толған кезім. Сондықтан, менің өмірімдегі ең бақытты сәттердің бірі болды.

«Жас қанаттың» негізін қалаған Мұрат Ерғалиев мырза талай дарынға даңғыл жол сілтеп, үлкен мүмкіндік сыйлағаны үшін қуанышты. Ол осы үлгілі ісін үзген емес. Әлі де жас өнерпаздарға ұстаздық етіп, отандық эстрадаға жаңа есімдерді енгізуде.

Мұрат Ерғалиев, «Жас қанат» байқауының бас продюсері:
«Жас қанатқа» да, Тәуелсіздігімізге де биыл - 25 жыл. Біз үшін қос мерейтой. Республикалық байқауды ұйымдастыру алғашқы жылдары әрине қиын болды. Бірақ, мемлекеттің, Астана әкімдігінің арқасында біз бәрін жеңіп, үлкен жетістіктерге жетіп отырмыз. Әр байқауымыз елімізге, Тәуелсіздігімізе арналады.

Мерейтойлық концерт. Тағы да жаңа таланттар, жаңа есімдер. Олар да алдыңғы толқынның жолын қуып, ізін басуға ниетті.
«Жас қанат» бүгінде деңгейі жоғары дарындылар додасына айналды. Байқаудың, қатысушылардың әр жетістігі - Тәуелсіз Қазақстанның да төл жетістігі. «Бұлақ көрсең, көзін аш», деген осы болса керек.

Азамат НҰҒЫМАНОВ

Хабарламаларға жазылу