Қазақстада автомобиль жасайтын үш бірдей жоба іске асады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстада автомобиль жасайтын үш бірдей жоба іске асады

28.09.2020

Қазақстада автомобиль жасайтын үш бірдей жоба іске асады. Қостанайда Премьер-Министр Асқар Мамин мен Татарстан Президенті Рустам Минниханов, өзара келісімге келді. 261 млрд теңге инвестиция тартылады. Сәтін салса, жаңа жобалар Қазақстанды ТМД нарығындағы ірі жүк техникасын өндірушілердің жаһандық тізбегіне қосады. 

Тас қойылды. Енді Қостанайда шойын құймасы мен жүк техникасының құрамдас бөлшектерін өндіретін зауыт құрылысы басталады. Кәсіпорын жылына 40 мың құйма шығарады. Оның 95% экспортталмақ. 

Сергей Когогин, «КамАЗ» ААҚ бас директоры:
«КамАЗ»-ды дамыту стратегиялық бағдарламасы аясында Қазақстан аумағына тың технологиялар келмек. Осы алаңда көліктің тетіктері жасалындаы. Жобалау, әзірлеу процестерінің барлығы қазақ жерінде өтеді. 

Ал Қарағанды облысының Саран қаласында автомобиль шиналары өндірісі ашылады. Зауыттың қуаты жеңіл көлікке 3 млн, ал автобустарға арнап 500 мың жоғары технологиялық шина шығаруға жетеді. 

Наиль Маганов, «Татнефть» ААҚ бас директоры:
Бұл - Қазақстанды жаһандық шина орталығына айналдыруға мүмкіндік беретін іргелі жоба. Мұнда өндірілетін жоғары технологиялық шина тек Қазақстанның сұранысын ғана өтемей, көрші елдерді де сапалы дөңгелекпен қамтамасыз етпек.  

«Автомобиль жасау саласындағы жаңа жобалар Қазақстан мен Ресей арасындағы өнеркәсіптік кооперацияның іс жүзінде кеңеюіне мүмкіндік береді»,- деді Премьер-Министр. Айта өтейік, осы саладағы өндіріс көлемі жыл басынан бері 51,8%-ке ұлғайып, инвестиция көлемі 9,4 миллиард теңгеге дейін артқан. 

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Бүгін біз индустриалды және экономикалық маңызды үлкен жобалардың құрылысын бастап отырмыз. Жүк техникасына арналған компоненттер мен шойын шығаратын өндірістер. Осындай жорбалар Қазақстан мен Ресей арасында стратегиялық әріптестіктің белсенді дамып, соның ішінде Қазақстан-Татарстан арасындағы экономикалық қарым қатынастар қарқынды дамып жатқанын көрсетеді. Қазақстан Татарстанмен экономикалық нарық түрлі салаларды дамытып, машина жасау, мұнай-химия ынтымақтастық саласында инвестициялық жобаларды тиімді іске асырып жатыр.  

Қазақстанның автомобиль жасау саласына серпіліс әкелетін ірі зауыттарда шамамен 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Нысандар құрылысы алдағы 3 жылда аяқталмақ. 

Армангүл Тоқтамұрат

Хабарламаларға жазылу