«Balapan» арнасы 10 жаста

25.09.2020

«Balapan» арнасы 10 жаста. Осыдан 10 жыл бұрын елімізде балаларға арналған тұңғыш телеарнаның тұсауы кесіліп, кішкентай көрермендердің назарына төл туындылар ұсыныла бастаған еді. 

2010 жыл. 27 қыркүйек. Бұл күн қазақ телевизиясының тарихына алтын әріптермен жазылды. Дәл осы күні балаларға арналған «Balapan» арнасы жұмысын бастаған еді. 

Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрайымы:

- Алғашқы продакшн компанияларының құрылуы да тура сол кезде басталды. «Balapan»-мен басталды. Біз конкурс жариялап, келіңіздер дегеннің өзінде ешкім келген жоқ. Сосын ақырындап нарық қаыптасты. Біз алғаш 10 жоба жасадық, сосын көбейе бастады.

Алғашында эфир үлесінің жартысы отандық, қалғаны қазақ тіліне аударылған шетелдік өнімдерден тұрды. Әйгілі компаниялардың кейіпкерлері қазақша сөйледі, уақыт өте кішкентай көрермендер сүйіп көретін отандық қаһармандар пайда болды.   

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Жалпы балаларды қазақтың көркем тілінде сөйлету үшін бұл арна үлкен жұмыс жасады. Осы телеарнаны үнемі көретін балалар тек қарапайым тілде емес, көркем тілде үйренеді. Тіліміздің тереңдігін, ауқымын бала кезден түсінуге мүмкіндік алады.

Арна ұжымы осы жылдарда мәні мен мазмұны келіскен сапалы хабарларды дүниеге әкелді, балаларды білім мен ғылымға бейімдейтін жобалар жарыққа шықты. «Balapan» 10 жылда 246 телевизиялық жоба, 19 телехикая, 67 анимциялық мультхикая ұсынды.  

Мақпал Жұмабай, «Balapan» телеарнасының директоры: 

- Мысалы, былтыр біздің рейтиніміз 6,9 пайыз болатын болса, биыл дәл қазір 8,9 пайыз. Ал 3 жылғы бұрын 2,9 болатын.

Арна өнімдері жаһан нарығына да шыға бастады. Жуырда 5 анимациялық жоба АҚШ және Латын Америкасының кабельдік арналары арқылы ағылшын, португал, испан тілдерінде көрсетіледі. Бірқатар туынды Ресей платформаларына жүктеледі. «Balapan»-нан жаңа маусымға 253 бөлімнен тұратын 17 отандық анимациялық туынды жарық көреді. Ал «Qazaqstan» Ұлттық арнасы «Balapan»-ның 10 жылдығына орай деректі фильм әзірледі, оны 27 қыркүйекте 15-20-да көрерменге ұсынады. 

Азат Рыстанбек

Хабарламаларға жазылу