Президент БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында сөз сөйледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында сөз сөйледі

23.09.2020

Адамзат үшін маңызды тарихи өзгеріс жасайтын кез келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен әлем елдерінің басшыларын «барлығы адам үшін» деген ұстанымды бірінші орынға қоюды шақырды. Биыл бұл жаһандық ұйымның құрылғанына - 75 жыл. Айтулы датаға орай үлкен жиын өтуі керек еді. Алайда коронавирус жоспарды бұзды. Карантинге байланысты Бас Ассамблеяның 75-сессиясының Жалпы саяси дебаттарында қазақ басшысы онлайн байланыс арқылы сөз алды. Президент қазіргі әлемге қауіп төндіріп тұрған жаһандық дағдарыстарды атап өтіп, олардан шығу жолын да ұсынды. Сovid-19. Әлемнің күнделікті тіршілігін тұралатып, барлық дерлік саланы қиын жағдайға тап қылды. Осыған дейін жіберген қателіктерді айқын көрсетіп берді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сыннан сүрінбей шығу үшін әр мемлекет көрпені өзіне тартпай, керісінше бірігу қажеттігін айтты. Адамзатқа не керек деген сауалға ұлы ойшыл хәкім Абайдың сөзі арқылы мысал келтірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Бүгінде бүкіл әлем аумалы-төкпелі оқиғалардың жаңа толқынының алдында тұр. Оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Өзара сенімнің жетіспеуі, халықаралық бәсекелестіктегі түсініспеушілік, сауда соғыстары мен санкциялар орнықты дамудың келешегіне нұқсан келтіріп, миллиардтаған адамның жарқын әлемге деген үмітін үзді. Қырғи-қабақ соғыстан кейін қарапайым адамның мүддесін көздейтін шын мәніндегі халықаралық жүйе құратын керемет мүмкіндікті пайдалана алмадық. Мұны мойындауымыз керек. Болашақ ұрпақтың тағдыры бірінші кезекте біздің, яғни мемлекет басшыларының осы жағдайдың туындау себебін қалай түсінуімізге байланысты болып отыр. «Жаңа әлем» парадигмасын құруға байланысты ортақ адамгершілік парызды атқару мәселесін ойлануымыз қажет. Қазіргі таңда адамзат үшін маңызды тарихи өзгеріс жасайтын кез келді деп санаймын. БҰҰ-ның құрылуынан жүз жыл бұрын дүниеге келген қазақтың ұлы ақыны, философ Абай Құнанбайұлы табысты жаһандық ынтымақтастыққа қатысты «Адамзатқа не керек: сүймек, сезбек, кейімек, қарекет қылмақ, жүгірмек, ақылмен ойлап сөйлемек» деген өзінің формуласын ұсынған болатын. Ақынның бұл ой-пікірін «өзара үйлесімге қол жеткізу үшін адамзатқа сүйіспеншілік, рақымшылық, батыл әрекеттер және байыптылық керек» деп түсінуге болады.

Қазақстан Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру қажет деп есептейді. Бұл уақыт талабы. Ал денсаулық сақтау саласына күрделі өзгерістер қажет. Індет тарала бастаған сәттен-ақ халықаралық ұйымдар онымен күреске дереу жұмылды. Алайда халықаралық қоғамдастықтың бұдан да көп күш салу керектігін уақыт көрсетіп отыр. Осы орайда Президент індетпен күресте іркілмей, алғы шепте жүрген дәрігерлерге барша отандастарының атынан шынай ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біріншіден, денсаулық сақтау ісінің қуатты жаһандық жүйесін құру мақсатында дамыған елдер мен БҰҰ агенттіктерінің уақытылы және үйлесімді қолдауы арқылы дамушы елдердің медициналық мекемелеріндегі ұлттық институттарды жаңғыртуға басымдық беру қажет. Екіншіден, Covid-19 індетіне қарсы вакцина әзірлеу мәселесін саясиландыруға жол бермеу керек. Аталған маңызды мәселеде инвестиция және сауда жөніндегі жан-жақты халықаралық келісімге қол жеткізу қажет. Бұл жаһандық деңгейдегі вакцина өндірісіне және оны жеткізу барысында логистикалық тасымалдың тиімділігіне септігін тигізеді. Үшіншіден, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, сондай-ақ, пандемияның алдын алу және оған қарсы күрес саласында жекелеген мемлекеттердің әлеуетін арттыру мақсатында халықаралық медициналық-санитарлық ережелерді қайта қарау қажеттігі туындауы мүмкін.

Төртіншіден Президент Аурулар мен биологиялық қауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру идеясын зерттеуді ұсынды. Қазақстан мұндай орталықтың бірін өз аумағында орналастыруға дайын. Пандемия салдарынан әлем тағы да екі үлкен сын-қатермен бетпе-бет келіп отырмыз. Оның бірі ядролық қаруды таратпау және қарусыздану дағдарысы. Бүгінде Қазақстан өз еркімен ядролық арсеналынан бас тартқан және әлемдегі ең ірі атом сынақ полигонын жапқан мемлекет ретінде барша әлемге үлгі болып отыр. Алайда, ядролық қаруды таратпау режимі толық іске аспағандықтан оның қаупі сейілген жоқ. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы орайда, барлық мүше мемлекеттер адамзатты ядролық апаттан құтқаруға бағытталған қажетті әрі кезек күттірмес барлық шараны қабылдау туралы Қазақстанның ядролық держава саналатын елдерге жолдаған үндеуін қолдайды деп үміттенемін. Сондықтан біз БҰҰ-ның тиісті институттарының, соның ішінде Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының белсенді рөлін жоғары бағалаймыз. Бұл ретте, ядролық қаруы жоқ әрбір мемлекетке қауіпсіздіктің заңды тұрғыдан міндетті кері кепілдіктері берілуі тиіс деп санаймыз. Біз «ядролық бестіктің» барлық мемлекеттерін Ядролық қарудан таза аймақтар туралы шарттың тиісті хаттамаларын, соның ішінде Семей шартын ратификациялауға шақырамыз. 

Мемлекет басшысы жоғары мінберден тағы бірнеше халықаралық бастама көтерді. Солардың бірі волонтерлердің халықаралық жылы. Биыл пандемия кезінде Қазақстанда еріктілер жұмысының маңыздылығы айқын көрінді. Қазіргі замандағы өзекті мәселелерді тиімді шешуге азаматтық қоғам мен жеке сектордың белсенді атсалысуы өте маңызды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда бүкіл әлемді алаңдатып отырған әлемдік климаттың өзгеруі, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау секілді жілікті мәселелер төңірегінде пікірін ортаға салды. Мемлекет басшысы еліміздің ішкі саясатына қатысты мәселелерді, соның ішінде, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына да тоқталды. Біздің барлық күш-жігеріміз «Барлығы адам үшін» деген моральды ұстанымға бағытталуы тиіс екенін атап өтті. 

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу