Көне Отырар қалашығынан XV ғасырда соғылған кесененің орны табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көне Отырар қалашығынан XV ғасырда соғылған кесененің орны табылды

30.09.2020

Ежелгі Отырар шаһарының аумағында жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары барысында XV ғасырға тән тұрғын үй мен кесене құрылысының орны анықталды. Сондай-ақ шыныдан жасалған моншақ бөліктері мен күміс теңгелер көмбесі де табылды. Қазір тұрғын үйлердің таснауа, тандыр, және жерошақ секілді жекелеген бөліктері топырақтан аршылып, Отырар халқының қазақ хандығы тұсындағы тұрмысы мен мәдениетіне сараптама жасалуда. 

2,5 метр тереңдіктен табылған кесене бірнеше бөліктен тұратын архитектуралық кешен іспетті. Сәулет туындысы екі қабат етіп салынған. Астыңғы бөлігінде дәліз және қабірхана бар. Ал оның үстінде құлшылық ету орны. Археологтар қабірхана ішінен 4 адамның сүйегін тапты. Оның үшеуі ересек, біреуі бала. Төртеуінің де денесі жерге көмілмей, қамыс үстіне жатқызылған. Археологтардың таңданысын тудырған жайт - кесене шаһардың шеткері жағына емес тап орталығына салынған. 

Сәбит Пәрменқұлов, «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық мұражайының бөлім басшысы:
Біздің пайымдаумызша әрі дін өкілі немес билеушінің жақындары, әулеттері болуы мүмкін. Бұл жерде тағы бір қызықты жайт - бас сүйегінің сақталмауында. 

Қазір сондай-ақ шаһардың шығыс және батыс қақпасын жалғап тұрған орталық көшенің бойында да қазба жұмыстары жалғасуда. Қос қапталындағы тұрғын үйлердің жоғары қабаты дұрыс сақталмағанымен құдық, ас әзірлеу орындары топырақ қабатынан аршып алынды. 

Қуаныш Шоқаев, «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық мұражайының бас инспекторы:
Оңтүстік батыс қақпасы мен шығыс қақпасы арасын байланыстыратын көшені, ұстахананы, кәсіпкерлік нысандар, шеберхана орнын ашқан. Соның бойында да қалпына келтіру жүріп жатыр. 

Сондай-ақ ХІ ғасырда Отырарға билік жүргізген Бердібек ханның сарайы да реставрациялануда. Ұзын дәліз және бірнеше бөлмеден тұратын ғимарат сәулеттік нұсқасымен ерекшеленеді. Ал қазба барысында табылған қолөнер бұйымдары мен нумизматикалық заттар музей қорына табыс етілді. 

Ғани Қалмахан, тілші:
Мынаның барлығы биыл Отырар төбеде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер. Оның ішінде қыш құмыралар, саз балшықтан соғылған ыдыс-аяқ, ат әбзелдері, сондай-ақ зергерлік бұйымдар бар. Ал көмбеден шыққан мына күміс және мыс теңгелер көне шаһардың 15 ғасырда да сауда орнын болғанын айғақтап тұр.

Ғани Қалмахан

Хабарламаларға жазылу