Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 30 миллионға жуықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 30 миллионға жуықтады

17.09.2020

Әлемде коронавирустың таралуы алаңдатарлық деңгейге жетті. Жер жүзінде жұқпалы індетке шалдыққандар 30 миллионға жуықтап, пандемия бақылаудан шығып барады. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш ескертті. Ал Covid-ке қарсы америкалық вакцина алдағы айда қолданысқа берілуі мүмкін. 

АҚШ-та қауіпті кеселден жан тәсілім еткендер 200 мыңға жуықтап қалды. Джонс Хопкинс университетінің хабарлауынша, өлім-жітім өткен аптамен салыстырғанда 5 пайызға артқан. Жағдайдың ушығуына байланысты жаппай екпе егу қазан айында басталуы мүмкін деп отыр.

Дональд Трамп, АҚШ президенті: 

- Біздің қауіпсіз әрі тиімді жолмен вакцина шығаруымызға аз уақыт қалды. Шамамен қазан айында деп ойлаймыз. Жыл соңына қарай вакцинаның кемінде 100 миллион дозасын тарату жоспарда бар. 

Чехияда коронавирус науқастарының саны күрт көбейді. Соңғы тәулікте 1677 адамнан инфекция табылған. Олардың 300-ге жуығы ауруханаға түсті. Бұл – мемлекет үшін ең жоғары көрсеткіш. Жалпы елде Covid-ті 38 мыңдай адам жұқтырып, 476-сы одан қайтыс болды.

Британияда жұқпалы инфекция өткен тәулікте 4 мыңға жуық адамнан табылды. Ел билігі вирустың таралуын бақылау мақсатында азаматтарды жаппай тестілеуге көшкен. Алайда тұрғындар үшін бұл істің машақаты әлдеқайда көп болып шықты. 

Келли Аткинс, жергілікті тұрғын: 

-Тест тапсыруға 4 күн дегенде әрең онлайн тіркелдім. Лотерея ұтып алғандай болдым. Балаларымда жөтел бар. Олардың бәрін тестілеуден өткізу мүмкін емес. Қаптаған кезек. Сондықтан отбасымыздан мен тапсырамын деп шештік.

Ал Латын Америкасы елдерінде медицина қызметкерлері наразылық білдіріп жатыр. Эквадорда алдыңғы шепте жүрген денсаулық сақтау мамандары бірнеше ай жалақы алмаған. Ал, Перуде ақ халаттылар жұмыс жағдайын жақсартып, қорғаныс заттарын көбірек бөлуді талап етіп жатыр

Жансая Қапасқызы 

Хабарламаларға жазылу