«Обухов» кен байыту комбинатының жұмысшылары жалақысыз қалуы мүмкін

16.09.2020

Солтүстік Қазақстандағы «Обухов» кен байыту комбинатының жұмысшылары жалақысыз қалуы мүмкін. Осыдан екі ай бұрын кәсіпорын құрылтайшылары арасындағы дау төбелеске ұласып, бірнеше адам қамауға алынған болатын. Осыған байланысты қылмыстық іс қозғалып, сот процесі жүріп жатыр. Қазір кәсіпорын жұмыс істеп тұр, бірақ сот тыйым салған соң өнімдерін сыртқа шығара алмай отыр. Кен байыту комбинатында барлығы 220 адам жұмыс істейді және мұнда айына 1,5 мың тонна концентрат өндіреді. Бүгін кәсіпорын жұмысшылары облыс орталығына арнайы келіп, өтініш-тілектерін білдірді.

 Төрехан Алмасбаев, серіктестік директоры:  

- 1 мың тоннадан астам дайын концентрат бар. Оны бізге шығартқызбай жатыр. 

Жасұлан Смағұлов, облыстық прокуратураның басқарма бастығы:   

- Бүгінгі таңда күшіне енген соттың шешімі бар. Соған сәйкес, тергеу барысында серіктестіктің мүлкін шығаруға және ашуға тыйым салынған. Сот орындаушының қаулысына қарамастан «Обухов» кен байыту комбинаты 40 тонна концентратты серіктестік аумағынан шығарған. Осыған сай әкімшілік жауапқа тартылды. Мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдары серіктестіктің жұмысына араласып жатқан жоқ. Қазіргі күні тергеу барысы облыстық прокуратураның бақылауында. 

   

Сағындық Сәбитұлы


Хабарламаларға жазылу