СҚО-да 500 адам жұмыссыз қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да 500 адам жұмыссыз қалуы мүмкін

30.07.2021

Солтүстік Қазақстандағы Обухов тау-кен байыту комбинатында еңбек етіп жүрген 500 адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Бірнеше күннен бері кәсіпорындағы тіршілік тоқтап тұр. Оған жергілікті полиция қызметінің аталған компания көліктерінің жүк тасымалдауына тосқауыл болуы себеп. Әділдік іздеп талай мекеменің табалдырығын тоздырған жұмысшылар ел Президентіне хат жолдамақ.

Эльмира Кәленова, тілші:
Обухов – әлемдегі бірегей кен орны саналады. Мұндай қазба байлықтары еш жерден табылған емес. Титан-цирконий өндіріледі. Шикізат негізінен экспортқа шығарылады.

Бұған дейін жұмысы қайнап жатқан кен орны қызметін жоспарсыз қайта тоқтауға мәжбүр. Себебі, шикізатты кәсіпорын аумағынан шығарған бойда тәркіленіп жатыр. Сыртта құқық қорғаушылар торуылдап жүр.

80 тонна цирконий концентраты салынған мына қаптар теміржол арқылы Ресей мен Қытайға экспортталуы тиіс еді. 17 млн теңгенің тауары полиция бөлімшесі ғимаратының сыртында қаңтарылып тұр. Екі күн бұрын жүк заттай айғақ ретінде тәркілеген.

Данил Долгалев, «Обуховский ГОК» серіктестігінің директоры:
3 маусымнан бері күн сайын біздің жүк тасымалдайтн көліктер тоқтатылады. Себебі түсіндіріліп жатқан жоқ. Алдыңғы күні түнде полиция концентратты алып қойды. Біз «Тиолайнның» емес, өзіміздің мүлікті шығарып жатырмыз. Оның барлығын дәлелдейтін құжаттар бар. Оған ешкім қараған жоқ.

Бірақ, серіктестік директорының уәжіне құлақ асып жатқан құқық қорғаушы жоқ. Бас салып, жаппай ұстап жатыр. Жүргізушілер мүлкітің «Тиолайн-ға» емес, «Обуховский гок» серіктестігіне тиесілі екенін растайтын құжаттарын көрсетсек те назарға алмайды, заңсыз тоқтатуды доғармай жатыр» деп ашулы. Тпіті, мамандар концентратты ашық аспан астында сақтауға болмайды, ауаға радиоактивті элементтер таралатынын айтса да ескеріп жатқан жоқ.

Келлеровка ауылына жиналған жұрт полициядан тәркіленген жүкті қайтарып беруді талап етті. Өйткені былтыр да осылай 100 тонна концентратты тәркілеген екен. Бірақ, әлі күнге кері қайтарылмаған. Комбинаттағы жағдай жуық арада түзелмесе жарты мың жұмысшы осы айда жалақысыз қалуы мүмкін.

Гүлмира Абдуллаева, зертханашы:
Жұмыссыз қалғым келмейді менің. Жалақым 265 мың айына. Жұмыс тоқтап қалса, баламды қалай асыраймын.

Марат Шеген, шебер:
2017 жылы мынаның ішін көрсеңіз, не болғанын. Мынаның ішінде сау ештеңе болған жоқ. Соның барлығын халық істеді, өз қолдарымен миларымен. Қазір Құдайға шүкір, 500-60 0-700 ден жалақы алады кісілер. Ертең мынаның бәрі жабылады. Қайда барамыз біз.

 «Обухов тау-кен байыту комбинаты» серіктестігі жалақы көрсеткіші жөнінен облыс бойынша бірінші орында тұр. Алайда 500 адам күн сайын жұмысқа үмітпен келіп, үйге үреймен қайтады. Өйткені осындай кедергілердің кесірінен кәсіпорын жабылып қалуы мүмкін.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу