Шығыстың балық өнімдеріне шетелде сұраныс жоғары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыстың балық өнімдеріне шетелде сұраныс жоғары

14.09.2020

Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданындағы балық зауыты экспорттық әлеуетін арттыруда. «Төре-Тоғам» кәсіпорыны өз өнімін Еуропа елдеріне жөнелтіп қана қоймай, отандық нарыққа да шығарады. Шығыстағы табиғат пайдаланушылар балықты аулап, өңдеумен қатар өңірдегі өзен-көлдерде оның қорын молайту максатында ауқымды жұмыстар атқаруда. 

«Төре-Тоғам» зауыты Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасында ауланған балықты өңдеп, түрлі өнім шығарады. Кәсіпорын заманауи технологиямен жабдықталған. Өндірістік қуаты бір тәулікте 21 тонна балық сүбесін, 85 тонна басқа да балық өнімдерін шығаруға жетеді. 

 Талғат Тәшкенбаев, зауыттың бас технологы:

- Жалпы, брендтік өніміміз - көксеркі балығының сүбесі. Басқа балық түрлерінен де өнімдер жасаймыз. Сандық еуро нөміріміз болғандықтан өнімдерімізді Еуропа, Қытай, Ресейге тасымалдауға мүмкіндігіміз бар.

Осы зауыт үшін балықты аулаумен тасымалдау саласында 400-ден астам жергілікті тұрғын еңбек етеді. Ал серіктестіктің өзінде 81 адам жұмыс істейді. 

Самал Сейтқазина, зауыт қызметкері: 

- Экспортқа жұмыс істегендіктен, сапаға аса мән береміз. Жұмысымыз бәрі жақсы.

Биыл Зайсан көлінен аулауға рұқсат етілген балық мөлшері көбейген. Былтырғы жылмен салыстырғанда лимиттің молырақ берілуі экспорттық әлеуетті күшейтуге оң ықпалын тигізуде. Зауыт өнімі отандық нарықта да сұранысқа ие. Ол үшін арнайы дүкен ашылған.  

Арман Қалиақперов, балық өңдеу зауыты директорының орынбасары: 

- Өзімізде шығаратын өнімдерді әлеуметтік бағамен дүкенге қойып, халыққа ұсынып жатырмыз.

Күршім ауданындағы серіктестік балық қорын молайтуға да ерекше көңіл бөледі. Бұрын шабақтарды басқа аймақтардан сатып алса, соңғы жылдары мемлекеттік қолдаудың арқасында оларды өздері өсіріп, күзде өңірдің өзен-көлдеріне жібереді.


Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу