Ауыл туризмін дамытуға не кедергі? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл туризмін дамытуға не кедергі?

14.09.2020

Әкімдер ауыл туризмін түлетуге тұсау болып отыр. Бірнеше елді мекенді аралап, қолдау таппаған соң агротуристік қауымдастық өкілдері өз бетінше іске кіріскен. Бүгінде Ақмола облысындағы 3 ауылды назарға алып, жұмыс жүргізуде. Бұл бағытты дамыту арқылы шалғай жерлердің шырайын ашып, әлеуметтік-экономикалық әрі инфрақұрылым мәселелер шешеді деп отыр. 

Нысаналы Ығыл, тілші:

- Ақмола облысы бойынша темірден түйін түйетін 3 ұстаның бірі Аршалы аулында тұрады. Мынау соның үйі. Барлық бұйым өз қолынан шыққан. Қазір көреміз. 

Александар тілші қауымға таға соғудың қыр-сырын көрсетіп жатыр. Негізгі мамандығы – дәнекерлеуші. Ұсталықты да меңгерген. Аршалыға ғана белгілі шеберге енді әр өңірден тапсырыс түсуде. Ауыл туризміне бетбұрыс арқылы тасада жүрген осындай таланттар танылып жатыр. 

Александр Князев, темір ұстасы:

- Шеберлік сыныптарын өткізіп тұрамын. Жуырда ғана қыз бен жігіт келіп жүрек мүсін жасады. Фотограф, бейнеоператор келеді. Бұл адамдарға қызық. Тапсырысым көбейді. 

Туристік картадағы екінші нүкте – омарта. Бірақ оған жету қиямет-қайым. 30 шақырым жол ойдым-ойдым. Ал жөнделгеніне 1 айға жетпепті. 

Нысаналы Ығыл, тілші:

- Агротуризмнің артықшылығы - ауыл ішіндегі шеберлерді ғана танытып қоймай, шалғайдағы шаруалардың ширауына да ықпал етеді. Біз қазір Константиовка ауылынан 17 шақырым қашықтамыз. Бұл жер ішкі туризмнің бір нүктесіне айналып келе жатыр. 

Сергей бала оқытады әрі бал жинайды. Ұстаздық пен омарташылықты қатар алып жүр. Агро туризмді түлетуге ұсыныс түскенде бірден келіскен. Өйткені бал өнімін өткізу жеңіл. Міне, біз секілді. Туристер талап алып кетеді. 

Сергей Ерафеев, омарташы:

- Сіз де, біз де өз қазанымызда қайнап жатырмыз. Сондықтан бұл өте жақсы. Ешкім ұтылмайды. Сізге демалыс, бізге табыс.  

Туристерге түскі асты да ауыл тұрғындары дайындайды. Яғни, ауласынан шықпай-ақ ақша табады. Бұл сала әсіресе Беларусьте жақсы жүйеленген. Қазір Еуропада алғашқы орында. Бізде әлі кері тарту бар. 

Алмас Сетербаев, Қазақстан агро және ауыл туризмі қауымдастығы төрағасының кеңесшісі: 

- Жергілікті атқарушы мекемлер қағаз жүзінде ғана айтады. Іске келгенде, тізімін беріңіздерші, жүріңіздерші бірге аралайық ауылға инвестиция әкелеміз ғой. Жұмысқа тартайық, тегін оқытайық десек те қол ұшын көрсетпейді. 

Нысаналы Ығыл, тілші:

- Ауыл туризмін ілгерлетуге әріптестерімізбен бірге үлес қостық. Бұл раушан гүлі мен итмұрын өсімдігін будандастыру арқылы шығарылған жаңа сұрып. Аралардың нәрі. Сондықтан бұл жерге «бал бағы» деген атау берілді.

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу