Елдегі бес мыңға жуық лифт ескірген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдегі бес мыңға жуық лифт ескірген

11.09.2020

Қазақстан бойынша 5000 лифтінің тоз-тозы шығып, ескірген. Тұрғындар оның зардабын көріп келе жатыр. Енді жеделсаты жасайтын, жөндейтін, оның жұмысына жауапты ұйымдарды аттестациялау міндеттелуі мүмкін. Қазір мәселе Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде қаралып жатыр. Өйткені, бүгінде олардың қызметін ешкім бақыламайды. Тиісінше, апат көп. 

Оралдағы 9 қабатты үйдің тұрғындары 90-шы жылдардан бері лифтісіз. Жүргенінен тұрғаны көп. Ал, жүре қалса, жүрегің аузыңа тығылады.

Роза Сәтиева; Орал қаласының тұрғыны:  

- Лифтіден былтыр менің жолдасым құлады. Лифті ашылып кетіп, бірінші этажға түсті.

Екі жыл бұрын Ақтөбеде бойжеткен мерт болса, Алматыда ер адам көз жұмды. Бірақ, сонда да түйткілдің шешілер түрі жоқ. Себебі, салаға бақылау аз.

Нұрлан Кенжебеков - Қазақстан лифтшілер одағының төрағасы: 

 - 2012-ші жылдан бері лицензия жоқ болғаннан кейін 5-6 адамнан жиналып лифттік компаниялар құрылып, жұмыс жасауда. 

Елордада салынғанына 2 жыл болған үйлердің де лифтілері сыр берген. Жақында мына үйдің 7-ші қабатынан лифті құлаған. Дамир сол сәтте оның ішінде болыпты.

Дамир Самимов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны: 

- Біз 21 шілдеде лифтіде ақау бар деп арыз жазғанбыз. Бірақ, тиісті компания мән берген жоқ. Ақыры құлап тынды.

Апаттар жиілеп кеткен соң, былтыр лифт саласын дамыту жөнінде «Жол картасы» қабылданған. Нәтижесінде елдегі 24 мың лифтінің 1700-іне күрделі жөндеу керегі анықталды. Ал, 5 мыңға жуығын ауыстыру қажет. Соның бірі Бақыт Смағұлова тұратын үйде. 

Бақыт Смағұлова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Дірілдеп тұрады. Оған бойымыз үйреніп те кетті.  

«Жол картасы» жасалса да, жұмыс өнбей тұр. Өйткені, лифтіге жауапты 350-ге жуық компанияның бәрі талапқа сай емес.

Алексей Гесс, лифт компаниясының директоры:

- Өкінішке қарай, лифт компанияларын аттестациялау түрлі себептермен жүзеге аспай келеді. Өйткені, министрлік өкілдері бұл кәсіпкердің құқығын шектеу деп есептейді. Бірақ, лифті пайда табу көзі емес, мұнда тұрғындардың қауіпсіздігі алда тұруы тиіс. Сондықтан, аттестация жасалып, сапалы қызмет ететін компаниялар ғана нарықта қалғаны жөн.

Негізі лифтінің қызмет ету мерзімі – 25 жыл. Бірақ, бізде 40 жылғылар да бар.

Аманкелді Сейітхан, тілші:

- Мына лифтінің қандай жағдайда екенін дауысынан-ақ естіген боларсыздар. Ал, өзі де сонау 90-шы жылдары сынақтан өткізілген екен. Қаншалықты ескі екенін сыртынан-ақ, байқауға болады. Қай қабатта тұрғанын көрсететін ешқандай ақпараттық белгілер де жоқ. Ішіне кірсең үрейің ұшып, сыртқа шыққанша асығасың. Осыдан кейін, мұндай лифтімен жүргенше баспалдақпен жүре берген жақсы ма деп қаласың.


Аманкелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу