Шымкентте 2 мыңнан астам тұрғын апатты жағдайда тұрған пәтерлерде тұрып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте 2 мыңнан астам тұрғын апатты жағдайда тұрған пәтерлерде тұрып жатыр

04.09.2020

Шымкентте 500-ге тарта отбасы апатты жағдайда тұрған пәтерлерде тұрып жатыр. Әбден тозығы жеткен көпқабатты үйлердің кейбірі осыдан 85 жыл бұрын салынған. Шатырлары сынып, қабырғасы жарылғанымен бұл үйлер әлі күнге авариялық нысандар санатына кірмеген. 

Үш бөлмелі пәтердің барлық қабырғаларына алаша-кілем ілінген. Астындағы сылағы түсіп, қақырап жарылып кеткен қабырғаны көрсетпеу үшін. Ол аздай жыртық үйдің шатырынан ағатын жаңбыр суынан қабырғалар сарғайып кеткен. Тіпті ағаш еден шіри бастаған. Аңғал-саңғал терезелер қиюласпайды. 8 перзент өсірген Мәнсия апа жарты ғасырдан бері осы пәтерде тұрып келеді. 

Мәнсия Алданова, қала тұрғыны:

-Төбесі түсіп қалған, еден сықырлап тұр. 

Ағаштан тұрғызылған екіқабатты үй 1935 жылы салынған. Бір кездегі сәулетті саналған баспана қазір тап орталықта жапырайған кепеге айналған.

Ғани Қалмахан, тілші: 

- Өткен ғасырдың 40-шы жылдары салынған мына үйлер де апатты жағдайға жеткен. Қазір көпбалалы, тұрмысы нашар отбасылар амалсыз осында пәтер жалдап тұрып жатыр. Бір көшенің бойында осындай 15 көпқабатты үй бар. Әзірге сырты бүтін көрінгенімен, ішіне кіру қорқынышты. 

Ең сорақысы Шымкентте берітінде салынған үйлердің өзі де бүліне бастаған. Табаны дұрыс тегістелмегендіктен Уәлиханов көшесі бойындағы 5 қабатты үй қисайып барады. 

Максим Трубицын, қала тұрғыны:

- Төменгі жағы - 2, жоғарысы 15 сантиметр орнынан жылжып кеткен. Бір тәуірі зілзаладан аманбыз. Болса қалса үйіміз жермен жексен болып үйінді астында қалатынымыз анық. 

Шаһарда 2 мыңнан астам көпқабатты үй болса, соның тек 28 проценті кейінгі 30 жылда салынған. Жоспарға сай тозығы жеткен 45 ескі баспананы бұзып, орнына жаңасын салу жоспарлануда. 

Абылайхан Балықбаев, Тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары:

- Біріншісі тұрғындарға инвесторлар жаңа үйлер салып береді. Екіншіден сол орынға үйлер салынып біткенше уақытша пәтер беріледі. Кейіннен сол үйлерден пәтерлердің шаршы метріне сәйкес үйлер беріледі. 

Ескі баспаналарды жыл сайын шетінен жаңарту үшін шаһарда реновация бағдарламасы қабылданбақ. Соның нәтижесінде ескі инфрақұрылым жаңартылмақ. Бірақ бұл бастаманың игілігін тұрғындарға кем дегенде 2-3 жыл күтуге тура келеді. 

Ғани Қалмахан

Хабарламаларға жазылу