Халқымыздың ғұрыптық рәсімдерін заңмен реттеу керек, бұл іспен айналысатын жұмыс тобын құруды ұсынамын. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Алматыда зиялы қауым өкілдерімен кездесуде осылай деді. Оның сөзінше, бүгінгідей күрделі кезеңде елді кері тартатын жағымсыз қасиеттерден тездетіп арылуымыз керек. Жиында Президенттің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс- қимыл кезеңі» Жолдауының іске асырылу тетіктерін талқыланды.
Қырымбек Көшербаев мәдениет саласының өкілдері мен ғалымдар дағдарысты жеңуде, халықтың жаңашыл көзқарасын қалыптастыруда үлкен рөл атқаратынын атап өтті. Ұлт жанашырлары да халық пен билік «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» етене жұмыс істегенде ғана барлық мәселе өз шешімін табатынына сенімді. Алда атқарылар шаруа көп. Ең бастысы, оң өзгерістер мемлекет жұмысының тиімділігін арттыруға, өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталатын болады.
Оразәлі Сәбден, экономика ғылымдарының докторы:
- Президент жақсы түбегейлі реформаға барып отыр. Халықты бірге жасайық деп шақырып отыр. Сондықтан халық билікпен бірігіп жасайтын болса, талай жерге жетеміз.
Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық әртісі:
- Жақсылап талданды. Жақсы сөздер айтылды. Шынында жақсы айтылған жолдау. Дәл кезінде көптеген жақсылықтардың бетін ашып.
Қуан Нұрақын
