Қазақстанда «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылады

01.09.2020

Енді жыл сайын 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді. Ал жас ғалымдар зерттеу жүргізу үшін жылына 1000 грант бөлінбек. Президенттің бүгінгі тапсырмасына сәйкес, ғылым саласына бұрын соңды болмаған жеңілдік жасалып отыр. Әлеуметтік саланың басты бағыттарын айқындаған мемлекет басшысы білімнен бөлек, медицина, цифрландыру саласына қатысты біраз тапсырмалар берді. 

Пандемия рентген іспеттес. Әр саланың осал тұсын анықтап берді. Әсіресе, медицина мен білім бағытында кемшіліктер жетерлік. Қашықтан оқыту жүйесі сын көтермейді. Мұны ескерген Президент Бірыңғай онлайн платформа құруды тапсырды. Басты талап - сапалы білім беретін жүйе. Дегенмен, онлайн оқыту - сапалы білім берудің кепілі емес. Сондықтан ел біртіндеп дәстүрлі оқыту жүйесіне көшеді, мұғалімдер жалақысы келер жылы тағы 25 пайызға өседі. Енді отандық ғылымның да қарыштап дамуына да мотивация бар. 

Аятжан Ахметжан, республикалық «QAZBILIM» орталығының директоры:

- Маған ұнағаны - ғылымға бөлінген грант мәселесі. Ғылымның өндіріске айналу мәселесі өте төмен деңгейде. 

2025 жылға дейін балалар балабақшамен 100 пайыз қамтылады. Ол үшін жаңа нысан сала бергеннен гөрі, жеке кәсіп иелерін тартуды жалғасьтыру қажет. Соның нәтижесінде мемлекеттік кезек жолдамасы арқылы ата-аналар балабақшаны өзі таңдауға мүмкіндік бар. Президенттің бұл пәрменіне жас аналар риза. 

Назым Наурызбайқызы, қала тұрғын: 

-Иә қуаныштымыз. Менің де кішкентайым бар. Біздің де кез келген балабақшаға орналастыруға құқымыз бар. 

Перзентке зар болып отырған отбасылардың қарасы қалың. Мемлекет басшысы мұны да ескерді: «Аңсаған сәби» бағдарламасы жүзеге асатын болды. Президент жасанды ұрықтандыруға квота 7 есе көбейтіп, жылына 7000 анаға үміт сыйлады. 

Вирустың таралуы дәрігердің жетпейтінін, ауруханалардың ескілігін көрсетті. Қасым-Жомарт Тоқаев медицина мамандарын даярлауды да мықтап қолға алмақ. Әзірге оларға үстеме ақы беру үшін 150 млрд теңге бөлінбек. Сөйтіп, алдағы екі жылда орташа жалақы екі есе көбейеді. Отандық фармацевтикадағы олқылықтар да ұмыт қалмады.

Мыңжылқы Бердіқожаев, орталық клиникалық ауруханасы нейрохирургия орталығының меңгерушісі:

- Пандемия басталған кезде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үлкен нәрсе екені көрініп қалған болатын. 

Елдің әлеуметтік өмірін реттейтін 17 заң, ондаған заңнамалық акті бар. Есесіне ортақ жүйе жоқ. Мұндағы мемлекеттің жауапкершілігі де, адамның құқыңы да айқын емес. Бұдан былай бәрі анық болды, Президент үкіметке әлеуметтік кодекс әзірлеуді тапсырды. 

Раушан Сайлауқызы, тілші:

- Отандық кәсіптің табысты болуы креативті IT туындыларға тікелей байланысты. Сондықтан сала мамандарын ынталандыру да Үкімет назарынан тыс қалмайды. Заманауи технология мен цифрландырудың рахатын енді қаладағылар ғана емес, ауылдағы ағайын да көретін күн алыс емес. Президент жеке мәліметтер ортақ базада сақталып, құжаттың электронды нұсқасын қолдану әдеттегі жағдайға айналуы тиіс деді. Бір сөзбен айтқанда, адамдар емес, ақпараттар жүгіретін заман келді. 

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу