Елбасы «Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион» мәртебесіне ие болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы «Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион» мәртебесіне ие болды

27.08.2020

«Ядролық сынақтардан азат əлем үшін чемпион». БҰҰ Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа осындай мəртебе берді. 

1991 жылдың 29 тамызы. Осы күні Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев тарихи жарлыққа қол қойды. Құжат 1949 жылдан жалғасып келген қайғы-қасіретке біржола нүкте қойды. Семей ядролық полигонының жабылуы тек Қазақстанда емес, дүниежүзінде тұрақтылықтың салтанат құруына сеп болды. Соның айқын дəлелі - Елбасының бүгін алып отырған мəртебесі.

Джонатан Граноф, Global Security институтының директоры:

- Қазақстан ядролық сынақтарға қарсы қозғалысқа зор үлес қосты. Сіздің еліңіз жойқын қарудан бас тартып, онсыз да өмір сүруге болатынын дəлелдеді. Сондықтан Қазақстан əлемнің өзге елдеріне үлгі əрі өз тəжірибесін насихаттауға толық моральдық құқығы бар деп санаймын.

2009 жылдан бастап 29 тамыз - Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп белгіленді. Бұл бастама да Елбасының ұсынысы. Сол кезден БҰҰ-ң Бас Ассамблеясы үзбей арнайы сессия өткізеді. Биыл онлайн форматта өткен отырыс үш сағатқа созылды. Ұйымның қарусыздану мəселелері бойынша жоғарғы өкілі Идзуми Накамицу бас хатшы Антониу Гутерриштің үндеуін жеткізді.

Изуми Накамицу, БҰҰ бас хатшысының орынбасары:

- Қазір коронавирус індетіне қарамастан Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін атап өту маңызды деп санаймын. Бəріміз ядролық сынақтардан экология мен экономикаға орасан зор зиян келгенін білеміз. Зардап шеккен бейбіт жандар қаншама. Ядролық сынақтарға тыйым салуды кешеуілдетуге еш себеп жоқ.

300-ге жуық елдің өкілі қатысқан жиынға Қазақстан атынан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қатысты. Ол қонақтарға Елбасының жолдауын жеткізді.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:

- 1991 жылы тəуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан жер бетінде қуаты жағынан төртінші орынды иеленген ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Тарих бұл шешімнің дұрыстығын дəлелдеді. Біз осындай қадаммен өркендеу мен гүлденуге болатынын көрсеттік. Себебі адамзат баласының болашағы ядролық қарусыз əлемге ғана байланысты.

Қазақстанда АҚШ, Ресей, Қытай жəне Еуроодақтың қатысуымен саммит өткізу керек. Елбасы осындай ұсыныс айтты. Төртжақты саммит ядролық қару-жарақты кезең-кезеңмен қысқарту жөнінде халықаралық келісімшарт дайындауға негіз болады деген ойда. Айта өтейік, ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөнінде келісімшарт əлі күшіне енген жоқ. Өйткені құжатқа 8 мемлекет əлі қол қоймаған.

Əлімжан Ахметов, «Халықаралық қауіпсіздік жəне саясат орталығы » үкіметтік емес ұйымының директоры:

- Тіпті қазір кей мемлекеттің ядролық сынақтарды өткізетіні туралы мəлімдемесі əлемді алаңдатып отыр. Қазақстанның бұл туралы айтып, қажетті бастамаларды қолға алуға моральдық құқығымен бірге жауапкершілігі де бар.

Енді аталған құжатқа қол қоймаған елдермен нақты келіссөздер жүргізу Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей міндеті болмақ. БҰҰ Қазақстан мен оның Тұңғыш президентінің ядролық қарусыз əлем құруға қосқан орасан зор үлесін ескеріп, «Ядролық сынақтардан азат əлем үшін чемпион» мəртебесін берді. Дəл осындай атақ финляндияның экс-перзиденті Тарья Халоненге де берілді.

Ләйлә Дулатқызы

Хабарламаларға жазылу