Əлеуметтік нанның бағасы өспейді. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров егін басында журналистерге бейресми сұхбат берді. Қазақстанда жыл сайын бидай алқаптарының аумағы неге кеміп жатыр? Бұл ұнның бағасына қаншалықты əсер етеді?
Жаздың басы құрғақ басталған еді, бидай пісер шақта жауынды болуы астықтың шығымына əсер етпей қоймады. Əдетте гектарынан 35-40 центнерден дəн алатын шаруашылықтарда биылғы болжам басқа.
Темірболат Андаров, «Журавлевка-1» ЖШС директоры міндетін атқарушы:
- Маусым-шілде айларында жаңбыр жаумай қойды. Сондықтан биыл өнім азырақ. Гектарынан 25-27 центнерден шығып қалар деп отырмыз.
Ел бойынша 18 млн тонна астық аламыз деген жоспар бар. Оның 10 млн-ын өзіміз тұтынсақ, 8 млн тоннасы экспортталады. Биылғы өнім 2019 жылдың көрсеткішінен 1,5 млн тоннаға, 2018-дің өнімінен 2 млн тоннаға кем.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Бүгінгі күнгі көлем, 17-18 млн тонна астық бізге жеткілікті. Өйткені біздің ішкі нарығымызға керекті көлемді ұстап отырмыз, жəне сыртқы нарыққа да шығаратын көлемді ұстап отырмыз.
Дегенмен Қазақстан Орталық аАзияның ең ірі астық экспорттаушысы болып қала береді. «Өндірістің кемуі нанның бағасына ешқандай əсер етпейді», - деді министр.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Əлеуметтік нанның бағасын Үкіметтің көмегімен ұстап отырмыз.
Бұланды ауданы егінмен қатар импортты алмастыру бойынша құс өсіруді қолға алған. Макинск құс зауыты толық қуатында жұмыс істеуге көшсе жылына 100 мың тоннадай тауық етін береді.
Азамат Алдоңғар