Нан бағасы қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нан бағасы қымбаттады

27.10.2017

Ақмола облысының бірнеше ауданында нан бағасы қымбаттады. 62- 65 теңгеден саудаланып келген нанның құны 70 теңгеге бірақ көтерілді. Наубайханашылар қымбатшылықты шығынның артуымен түсіндіреді. Тұтынып отырған электр энергиясы мен бензин бағасы шарықтап кетті, сондықтан нан бағасын қымбаттатуға мәжбүрміз, - дейді олар. 

Юлия Власенко Бұланды ауданының тұрғыны. Азғантай жалақыға қарап отырған ол нан бағасының қымбаттағаны қиын болды дейді. Нан - күнделікті тұтынатын азық.  Сондықтан, кез келген қарапайым отбасы үшін бұл қосымша шығын. 

Юлия Власенко, тұрғын:

- Біздің ауданда нан бағасы көтерілді. Әрине, 5 теңге соншалықты көп ақша емес. Дегенмен, барлығын қосқанда ауыр тиеді. Азық-түлік қымбаттап жатыр. Ал, жалақы өзгеріссіз.

Бұланды ауданындағы нан пісіретін ең ірі кәсіпорын «Сарытомар» қожалығы. Шаруашылық әзірге ауылдарға жеткізілетін нан өнімдерінің бағасын көтерген. Жақын арада аудандағы барлық сауда орындарына нанды қымбат бағамен ұсынбақ. 

Тұрлыбек Болатов,  шаруа қожалығының басшысы:

 - Нанның бағасын еркін нарыққа жіберу керек. Менің ойымша, нанның бағасы көп дегенде 90 теңге болады. Қазір 70 теңге. Біз сол 20 теңге арқылы өндірісті жаңартушы едік, жұмысшылардың жалақысын көтеруге мүмкіндік болады. Ал, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар болса, шамамен 20-30 жанұяға тегін беруге дайынбыз. 

Бұланды ауданынан өзге Бурабай және Еңбекшілдер аудандарында да баға көтерілді.  Енді облыс орталығында қымбаттауы ықтимал. Мәселен, қазір Көкшетау қаласының сұранысын өтеп отырған «Көкше-нан» серіктестігі шығаратын 1 келі нанның өзіндік құны 124 теңгеден 129 теңгеге көтерілген. 

Сайран Боқпаев, серіктестік директоры:

 - Электр қуатын пайдаланған үшін 800-900 мың төлейтінбіз. Қазір, міне, 1млн 600, 1млн 700-ге дейін жетіп отыр. Оның үстіне қазір бензин бағасы және тағы басқа өзгерістер бар. Өнімдердің пайдаланып жатқан оның бағасы көтеріліп жатыр. Сол себептен қазіргі күнде қазіргі баға болуы мүмкін емес. Нанның бағасын көтеруге мәжбүр болып отырмыз. 

Наубайханашылар бұған дейін түнгі тарифты қолданып, электр энергиясының 1 киловаттына 7 теңге төлеп келген. Бұл жүйе қазір алынып тасталды. Кәсіпорындар тамыз айынан бері бірыңғай тариф бойынша 20 теңгеге шығындануға мәжбүр. Сондықтан, олар бұған дейінгі күндізгі, кешкі және түнгі тарифтерді қайтару қажет дейді. 

Валентина Геращенко, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

- Кәсіпкерлер палатасының энергетика комитетіне хат жолдау туралы шешім қабылдадық. Олар Үкімет алдында кәсіпкерлерге таңдау болу үшін балама тарифтерді қарастыру жөнінде сұрақ қою қажет. Бізге шағымданып  келген кәсіпкерлер өте көп. Және олар тек нан шығаратын кәсіпорын басшылары ғана емес, түрлі саладағы бизнес өкілдері.  

Кәсіпкерлер жағдайдың өзгеретініне үмітті. Әйтпесе, нан бағасы облыс бойынша қымбаттамақ. Бұл жағдай тек Ақмола өңірінде ғана емес, өзге аймақтарда да орын алуы мүмкін, - дейді олар.  

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу