«Ауыл» партиясының өкілдері шалғай ауылдағы фельдшерлерге онлайн-семинарлар өткізуді бастады.
Жоғары санатты дəрігерлер елорда маңындағы ауыл мамандарына коронавирусты емдеу, диагностикалау жəне алдын алу бойынша кеңес беріп жатыр. Өйткені партия белсенділері ауылдардағы емдеу орындарын аралап медициналық қызмет сапасын тексерген. Нəтижесінде білікті кадрлар мен дəріханаларды, жедел жəрдем көліктерін əлі де арттыру керек екені байқалған.
Қазақстан коммунистік халықтық партиясы Ақмола облысындағы туберкулезбен ауыратындардың мəселесін талқылады. Өңірде өкпе ауруына шалдыққандардың 70 пайызы үйі мен жұмысы жоқ тұрғындар. Олар соңғы үш жылда жаһандық қордан ай сайын 33 мың теңге алып тұрған. Бірақ биыл қор жұмысы тоқтаған. Ал, жергілікті бюджеттен берілетін 39 мың теңге науқастың емі мен тамағына жетпейді. Ал, қыс келгенде жағдай тіпті қиындауы мүмкін. Сол себепті, мəселені партия өкілдері Парламентте көтермек.
Амангелді Сейітхан