Қазақстандық студенттер Ресей үкіметіне үндеу жолдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық студенттер Ресей үкіметіне үндеу жолдады

29.08.2020

Қазақстандық студенттер Ресей шекарасынан өту үшін көрші елдің үкіметінен рұқсат сұрап, үндеу жариялады. Коронавирусқа байланысты екі ел арасында шекара жабылды. Салдарынан сол жақта білім алатын жастарға қашықтан оқу форматы ұсынылып отыр. Ал студенттер мұны құптамайды. Олардың уәжі қандай? 

Ресей үкіметіне үндеу жолдағандар онлайн оқуға қарағанда аудиторияға барып алған білімнің сапасы жоғары болатынын алға тартады. «Оның үстіне медицина және шығармашылық мамандар үшін қашықтан оқу мүлдем жарамайды», - дейді. 

Жайсан Мұртаза, Ресейдегі ЖОО студенті:

- Шекараны түгел ашпаса да, сол жерде оқып жатқан студенттерге күндізгі бөлімде оқуларына мүмкіндік беруді сұраймыз. Біздің ойымызша, онлайн форматта оқу білім сапасына қатты кедергі жасайды. Сонымен қатар университет жатақханаларында көптеген студенттердің жекеменшік заттары қалып кеткен.

Қызылордалық Гүлжазира Жалғасованың ұлы да Мәскеуде оқиды. Бір семестрі ғана қалған. Алдағы ақпанда диплом алуы тиіс. Оған дейін іс-тәжірибеден өтіп, ғылыми еңбек жазуы керек. 

Гүлжазира Жалғасова, ата-ана:

- Онлайн мүмкін емес диплом жазу. өйткені жетекшімен күнделікті кездесіп, күнделікті ақылдасып, жазылуы керек диплом. Сондықтан бітіруші курстарға оңтайлы шешім шығарады деген үміттеміз.

Ал Ресей үкіметі студенттерді бөліп-жармаймыз деп отыр. Шешім бәріне ортақ. Әрі бұл жағдай қазақстандық студенттерге басқалардан гөрі жеңілірек екенін айтады.

Григорий Петушков, РФ Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы кеңестің төрағасы:

- Ресей жоғары оқу орындарының Қазақстанда бөлімдері бар. Онда қазір 70 мыңдай студент оқиды. Осы бөлімдердегі мүмкіндікті пайдаланып шекарадан өте алмай жатқан студенттерді уақытша оқыта тұруға да болады.

Министрлік өкілі көп ұзамай шекара ашылып қалуы мүмкін екенін де айтты.

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу